Суббота, 17.11.2018, 14:04
Менің қызметім жайында - О моей службе
Приветствую Вас Гость | RSS
Қазақша
Тегилер-Теги
Яндекс
Tengrinews.Kz
Наши предпочтения
Усть-Каменогорский информационный портал
Мы на Твиттере
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
LiveInternet
Главная » Статьи » Мои статьи

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ: Ислам – тәуелсіз еліміздің рухани тірегі
Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!

ЕРЖАН ҚАЖЫ МАЛҒАЖЫҰЛЫ ХАЗРЕТ,
ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ
БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ
ИСЛАМ – ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМІЗДІҢ РУХАНИ ТІРЕГІ


Сөз басы

Алла тағаланың теңдессіз сыйы – Отанымыздың тәуелсіздігін баянды ете түсу үшін көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азаматқа артылар сенім мен талап зор. Бұл қадам өкілеттігі әртүрлі кез келген саладағы істі атқаруға тиіс барша қазақстандықтарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекеттің мерейін үстем ету жолында әлемдік тәжірибенің ең озығы мен ең жаңашылын таңдап алу үшін елдің әрбір азаматынан білімділік пен біліктілік талап етіледі.
Ислам дінінің қазақ топырағына жеткеніне 1250 жылдан асты. Өз табиғаты мен болмысына барынша жақын асыл дінді танып-білген бабаларымыз оны сонау VIII ғасырда-ақ қабылдаған. Содан бері Ислам жұртымыздың жүрер жолы, бағыт-бағдары, қорғаны, тірегі де болып келеді. Ел басына күн туып, ұлттың сақталып қалуын таразылар шақ туғанда да ата дініміз көңілге медеу, күш-қуат болды, солай болып та келеді.
Аллаға шүкір, еліміз тұрақты даму үстінде. Қазақ жерінде сан алуан ұлт пен ұлыстардың өкілі тату-тәтті ғұмыр кешуде. Осының бәрі Алаш еліне берген Тәңірдің тартуы, өлшемсіз рахымы десек, сол тәуелсіз елдің тұғырын тұғырлап, туын берік ұстайтын Елбасшысын тағайындап беруі тағы бір үлкен мейірімі, нығметі деп түсінгеніміз абзал.
Егемендігімізді алып, еңсені тіктеген Тәуелсіздік жылдары Кеңес кезінде құлауға шақ қалған рухани құндылықтарымызбен қайта қауыштық. Тәуелсіздік туы желбіреген 1991 жылы елімізде санаулы мешіттер болса, бүгінде оның қатары көбейді. Аллаға шүкір, бұрынғы мешіттегі бірді-екілі қариялардың қатары жастармен толықты.
 

Ұлтты ынтымаққа ұйытты

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің өркендеуіне, мығым мемлекет болып қалыптасуына ерен еңбек сіңіріп келеді. Соның ішінде ұлттық болмысымыздың, діліміздің діңгегі болып табылатын асыл дініміздің қайта жандануына, әрі қарай дамуына қосқан үлесі де үлкен.
Айталық, әу баста Қазақстан мұсылмандарының дербес діни басқармасының құрылуына тікелей ықпал жасады. Жастардың рухани білім алуына жол ашты. Қаншама мешіт-медреселердің салынуына тікелей қолдау көрсетті. Облыс орталықтарындағы зәулім-зәулім еңселі мешіттердің бой көтеруі сөзіміздің айғағы. Сондай-ақ, қазақ жастарының өз жерінде діни ислами білім алуы үшін іргелі оқу ордасының іргетасын қалады. Ел мұсылмандарының Меккеге еркін түрде қажылыққа баруына жағдай жасады. Осының барлығы «Саясат күнде өзгереді, ал дін – мәңгілік» деген қағиданы ұстанған Елбасының асыл дініміздің жанашыры екенін айғақтайды. Ол еліміздің рухани тұрғыдан дамуына қатысты байсалды шешімдері арқылы материалдық бақуаттылықпен бірге рухани байлықты да ешқашан естен шығармау қажеттігіне басымдық беріп келеді.
Қазақстанда Ислам дінін дамытуға бағытталған іс-шаралар Алланың қалауымен Елбасының тікелей қолдауымен жүзеге асуда.
«Сындарлы он жыл» атты кітабында «әлемдегі лаңкестіктің түпкі себебі дамудың теңсіздігінде жатыр» деп атап көрсеткен Президентіміз діннің бөлуші, іріткі салушы емес, керісінше, елдің еңсесін көтерер, мемлекетті рухани дағдарыстардан құтқаратын, халықты имандылыққа ұйыстыратын фактор екенін алға тартады. Ол бір сөзінде: «Халық Алласына, Тәңіріне сеніп, ертеңгі күнін ар жақтағы ана дүниеге баратын күнін ойлап, дүниеде мынау бүгінгі күннің күйбеңімен жүре бермей, Мұхаммед Пайғамбарымыздың хадистеріне сәйкес өмір сүрсе деймін», – деу арқылы халқымызды ізгілікке үндеп, ұлы мақсаттарға жетелеп келеді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да өзінің сан-салалы қызметін Мемлекет басшысының ішкі-сыртқы салиқалы саясатына қолдау білдіре отырып, көп ұлтты, көп конфессиялы еліміздің ынтымағы мен бірлігін күшейте түсуге бағыттап келеді. Өйткені, дін адамдары қашанда бейбітшілік, әділдік, имандылық туын көтерушілер қатарынан табылуы тиіс. Алла тағала адам баласына бейбітшілік пен әділдікті сый етті. Олай болса, Жаратушы Иеміздің теңдессіз сыйын, бағасын біліп, қастерлеуге тиіспіз.
Елбасы әр үш жыл сайын елімізде өтіп жатқан әлемдік дәстүрлі дін көшбасшыларының бір үстел басында ымыраға келіп, ынтымақ жайлы пікір алмасуларына ұйытқы бола білді. Өйткені, Қазіргідей алмағайып заманда өркениеттер арасындағы бейбіт келісімді сақтау өзекті мәселелердің бірі. Қай діннің өкілі болсын, өз тіршілігінің тыныштығын, тұрақтылықты қолдайды.
Осы тұрғыдан алғанда діндер арасындағы үнқатысуды дамыту бүкіл әлемдік жауапкершілік. Ал осы жауапкершіліктің тізгінін әлемге танымал Қазақстан атты мұсылман елінің ие болуы көп жайтты аңғартса керек. Біріншіден, бұл елімізде басқаларға үлгі ретінде ұсынуға болатын сан алуан ұлттар мен діндер арасындағы татулықтың, бейбітшіл халықтың бар екендігін білдіреді. Екіншіден, елдің басым көпшілігі ұстанатын Ислам дінінің кеңпейілділігін, басқалармен ортақ келісімге келе алатындығын көрсетеді. Осындай жаһандық жиын арқылы біз еліміздің, дініміз бен діліміздің қандай екендігін жалпақ жұртқа жария ете аламыз.
Діндер арасындағы үнқатысу мұсылманшылыққа да жат дүние емес. Алла Тағала Пайғамбарға (с.ғ.с.) басқа дін өкілдерімен сұхбат құруға шақырған.
Алла Тағала былай дейді: (Айт, уа, Пайғамбар)«Уа, Кітап иелері! Қанеки, келіңдер, бізге де, сендерге де ортақ сөзге [тоқтамға]келейік те, Алладан басқа ештеңеге табынбайық, Оған ештеңені серік етіп қоспайық, бір-бірімізді Алламен бірге ие тұтпайық» деп айт. Егер де олар теріс айналса, «Біздің мұсылман екендігімізге куәгер болыңдар» деп айтыңдар» (Әли Имран сүресі, 64-аят).
Осылайша, Ислам діні христиандар мен яһудилерді еш серік қоспай, тек Құдайға ғана табынуға шақырады, сонымен бірге, тіпті, Алла мен ақырет күніне сенбейтін дінсіздерге де мейлінше мейіріммен және түсіністікпен қарауға нұсқайды.
Дін өкілдері арасындағы мұндай үнқатысу, әсіресе, мұсылмандар үшін таптырмай­тын мүмкіншілік екені даусыз. Өйткені, Ибраһим пайғамбардан (ғ.с.) бастау алатын хақ дін өкілдері бастап бас қос­қан осындай алқалы жиындарда мұсыл­ман ғалымдары исламның ізгілігін сөз ете отырып, әлемде орын алған «исламо­фобия» төңірегіндегі жөнсіз, орынсыз да негізсіз әрекеттерді ауыздықтауға мұрындық бола алады деп сенемін.
Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді. Олай болса, біз таза діни істерден басқа осындай ұлы мұраттарды да нысана етуіміз керек. Өйткені, адам баласы қайырлы да ізгі ісімен ғана Жаратушыға жақындайды.


Өңірлерде 598 имамға 805 сағат дәріс оқылды

2013 жылдың ақпан айында Астанада өткен Қазақстан мұсылмандарының VII құрылтайынан кейін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев діни басқарманың өкіл имамдарымен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы келелі кездесуде Исламның халқымыздың сан ғасырдан бері рухани құндылығы болып саналатынын айтып, еліміздегі дініміздің дұрыс бағытта дамуы дін мамандарына байланысты екеніне баса назар аударды және асыл дініміз Исламның қызметкерлері ретінде біздерге сенім артты. Елбасы имамдардың қоғамдағы орны мен жауапкершілігі, ел бірлігі мен мұсылмандардың ауызбіршілігін нығайту жолындағы рөлін айрықша атап өтті. Президент діни басқарма мен мемлекеттік мекемелер арасындағы рухани-ағартушылық, сондай-ақ, әлеуметтік саладағы ынтымақтастықты нығайта түсуге жете көңіл бөлу қажеттігіне тоқталды.
Мемлекет басшысы дін қайраткерлеріне, имамдарға былай деді: «Еліміздегі дәстүрлі исламның бір­­ден-бір мойындалған құрылымы – Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масы. Діни қатынастарды реттейтін жақында қабылданған Заңда мемлекет халқымыздың рухани өмірінде исламның ханафи ба­ғы­тының орны мен рөлін мойындай­ты­­ны атап көрсетілді. Бұл – өте дұ­рыс. Қазақ­стан – зайырлы мемлекет. Сон­дық­тан біз­дің дін саласындағы саясаты­мыз кон­фессияаралық татулық пен тағаттылықты нығайтуға бағытталған. Біз­де діни сенім бостандығына Консти­ту­ция кепілдік береді. Діни басқарма өкілдері тек дін саласында ғана емес, өзге салаларда да өз білім-біліктерін арттыруға тиіс».
Қазірде аймақтардағы имамдарды қайта аттестациядан өткізу, қайта оқыту, білімдерін жетілдіру секілді игі шаралар өтуде. Теріс пиғылды ағымдарға тосқауыл болу үшін ел арасында үгіт-насихат жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Заманауи діни мамандарды даярлау мақсатында Мысыр, Түркия сияқты елдермен келісімдер жасалды. Мұсылман жамағатының бірлігін насихаттайтын уағыздар айтылуда. Сонымен қатар, мешіттің тек ғибадат орны емес, білімнің де ордасы екендігі ескеріліп, республикалық деңгейде мешіттерде оқушылар үшін жазғы демалыс уақыттарында дінашар, аят үйрену дәрістері ұйымдастырылды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Уағыз-насихат жұмыстары мен дін қызметкерлерінің білімін жетілдіру мақсатында осы уақытқа дейін ҚМДБ-ның біліктілік арттыру тобы еліміздің Алматы, Астана қалалары, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл облыстары мен Жезқазған, Семей аймақтарында, Алматы облысы мен Талдықорған аймағында барлығы 598 имам-молдаларға 805 сағат дәрістер оқып, біліктілігін арттырды.
ҚМДБ-ның алға қойған мақсаттарының бірі – жаһандық сипат алып отырған жат ағымдар мен деструктивті топтардың алдын алып, халықты соңынан жетелей алатын заманауи дін қызметкерінің тұлғасын қалыптастыру. Осы тұрғыда арнайы жұмыс жоспары түзіліп, білікті дін ғалымдарынан, психолог, заңгер, әлеуметтанушы, дінтанушы мамандардан құралған ҚМДБ-ның біліктілік арттыру тобы, өңірлердегі имам-молдалардың біліктілігі мен білімін жетілдіруге бағытталған 7 күндік семинарлар ұйымдастырылып келеді. Семинарлар барысында имамдарға Исламның негізгі ұстындары болған – ақида, фиқһ саласы бойынша кең ауқымды дәрістер оқылуда.
Аталмыш семинарлар аясында ҚМДБ-ның ғалымдар тобы имамдарға дәріс оқып қана қоймай, семинарлардан тыс уақытта өздері аялдаған өңірлердегі бірқатар мешіттерді аралап, жамағатпен емен-жарқын кездесулер ұйымдастырды. Көп ұлтты Қазақстан мұсылмандарының бағдаршамы болған – Әбу Ханифа мәзһабының ерекшеліктері жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жыл басынан бері елдегі діни ахуалдың жай-күйі туралы мониторинг жасалынды. Осыған сәйкес, арнайы республикалық және өңірлік ақпараттық-насихат топтары (АНТ) құрылып, жылдық жұмыс жоспары бекітілді. АНТ құрамында біліммен қаруланған беделді дінтанушы ғалымдар, өңірлердегі ахуалды, жамағат арасындағы проблемаларды жақсы білетін білікті имамдар енгізілді.
Еліміздегі уағыз-насихат жұмыстарын оңтайландыру мақсатында арнайы стратегиялық даму бағдарламасы әзірленіп, сол бойынша ауқымды шаралар атқарылуда.
Аталмыш бағдарлама аясында республикалық мешіттерде айтылатын жұма уағызының жылдық жоспары түзіліп, бекітілді.
Жұма уағыздарында қазіргі қоғамда туындап жатқан өз-өзіне қол жұмсау, жанкештілік, діни экстремизм, салт-дәстүр және Ислам, жастар мәселесі, қоғамдағы жауапкершілік, толеранттылық, мәзһаб ұстанудың қажеттілігі сынды бірқатар маңызды тақырыптар қамтылды.
Жұма мінберінде айтылатын уағыз-насихаттар бұқаралық сипат алу үшін облыстық және өңірлік БАҚ беттерінде жарияланып келеді.
Өңірдегі діни ахуалға күнделікті мониторинг жасап, теріс ағымдардың әрекеті байқалған жағдайда шұғыл түрде қажетті шаралар қолдану жағын қарастырып жатырмыз. Осы бағытта мешіт қызметкерлері Исламдағы дәстүрлі бағыттың қайсы екенін, теріс ағымдардың ерекшеліктері мен түр-сипаты қандай болатынын дұрыс түсіндіру үшін халықпен, әсіресе жастармен жұмыс жүргізуге, уағыз-насихатты күшейтуге кірісті.
Діни басқарманың жанынан жат ағымдарға қарсы, әрі қоғамдық мәселелерді шешу мақсатында әртүрлі діни кітаптар шығаруды да қолға алдық. Мұсылмандардың дүниетанымы әрі Әбу Ханифа мазһабының танымдық тұғыры жайлы «Таным тұғыры» атты еңбек жарық көрді. Онда мұсылмандық сенім негіздері туралы талқыланған. Сонымен қатар, қасиетті Рамазан айының келуіне орай «Мүбәрак Рамазан» атты кітап шығарылып, 10 мың данамен мешіттер мен медреселерге, жалпы халыққа тегін таратылуда. Енді үйлену үрдісінің адал және арам жолдарының ара-жігін ашып көрсететін мұсылман некесі жайлы еңбек те жарық көрмек.
Қоғамдағы бағытымыз – конфессияаралық татулық пен тағаттылықты нығайту, өзге діни бірлестіктермен бірлесе отырып өзара түсіністік және діни төзімділік дәстүрлерін күшейту. Осындай жұмыстарды одан әрі жүйелі түрде жалғастыра бермекпіз.

ҚМДБ Жастар бөлімі: мақсатымыз – иманды ұрпақ қалыптастыру

Бүгінгі жаһандану ғасырында ғаламдық құндылықтарға қауіп төніп отырған сындарлы уақытта жастар тәрбиесі қай уақытта да өзектілігін жоғалтпайтын тақырып. Мемлекетіміз жастар саясатын әрдайым назарда ұстап, жастардың толыққанды қалыптасуына барлық жағынан тиісінше қолдау білдіріп келеді. Жастар ұйымдары мен құрылымдары да осы бағытта бірлесе жұмыс істеуде.
Мемлекетіміздің мерейін үстем ету жолында аянбай қызмет ететін ел болашағының бағдары саналған иманды ұрпақ қатарын молайту мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Жастар бөлімі ашылды. Бөлімді ашудағы мақсатымыз – мемлекеттік мекемелермен тікелей тығыз қарым-қатынасты күшейту, жастармен етене жұмыс істеу, түрлі діни фильмдер түсіріп, халыққа тарату, жасөспірімдерге арналған журнал шығару, діни мерекелерді жоғары деңгейде өткізу, т.б.
Жаңа бөлімді ашуға жетелеген жайт: қоғамда адам тәрбиесінің нашарлауы, рухани құндылықтардың әлсіреуі, жас ұрпақтың бүгінгі жаңа келбетін қалыптастыруда білім, ғылым, мәдениеттілік пен имандылықтың алатын орнын анықтау, ізгі дәстүр сабақтастығын күшейту. Қоғамда адамдардың материалдық жағдайды көбірек күйттеп, моралдық құндылықтардың төмендеп кетуі – ғаламдық рухани дағдарыс. Десек те ізгілікке құштар бүгінгі жастар адамгершілікке жол сілтейтін және олардың жоғалған ішкі жан сұлуы мен әдемі әдептерін қайта қалыптастыратын бағыт-бағдарды қажетсінуде.
Дәстүрлі дініміз Исламда жас ұрпақтың санасына ізгіліктің дәнін сеуіп, жеткіншектерді атаның баласы емес, адамның баласы болуға баулу айрықша маңызға ие. Жастар арасында орын алған жат қылықтар мен әдепсіз әрекеттер сынды жайттарға қазақ қоғамы да осы шындықтармен бетпе-бет келіп отырған жайы бар. Өскелең ұрпақтың бойындағы денсаулығы, нашақорлық, маскүнемдік, қылмысқа бейімдік, жұмыссыздық, білімге селқостық, жеке бас мәдениеттің төмендігі секілді бірқатар келеңсіздіктерді атап өтуге болады.
Жастарды мұндай жаман қылықтардан арылтудың жолдары қандай? Біз бұл тұрғыда не істеуіміз керек? «Еліміздің және жастардың ең басты байлығы – сапалы білім», – деп Елбасы атап өткендей, заман талабын ескере отырып, жастардың білімін көтеру мәселесі еріксіз назар аудартады.
Білімді жастар ғана ел дамуына жол ашады. Орта ғасырларда Ислам әлемге математика, химия, астрономия, медицина, сәулеткерлік, философия мен поэзия салаларында ұлы жаңалықтар мен ашылуларды сыйлады. Бұл қуатты интеллектуалдық өркениетті құруға негіз қалады. Бүгін де осындай қуатты тарихи іргетасқа сүйене отырып, Ислам өркениетінің интеллектуалдық рөлін қайта жаңғырту – күн тәртібінде. Демек, ендігі кезекте жастар білім тұрғысынан өзге жұртпен терезесі тең деңгейден табылуы тиіс.
Білімсіз жасалған құлшылық – тамырсыз талмен тең. Тамыры терең болмаған талды жел шайқап, оңай құлатады. Сол секілді, дінді біліммен танымаудың түбі – қасірет. Білімсіздік – бүлікке, бүлік – бөлінуге әкеп соғады. Ал Алла тағала Қасиетті Құранда: «Түп-түгел Алланың жібінен (дінінен) бекем ұстаңдар да, бөлінбеңдер», – деген («Әли Имран» сүресі, 103-аят).
Сергектік жастарға тән қасиет болғандықтан, спортты жастардың жан серігіне айналдыра білу де маңызды. Хадистерде жастарды суға жүзу, жүгіру, күрес, садақ ату сынды спорт түрлеріне баулу керектігі айтылса да, бүгінде Ислам әлемі спортта өз биігінен көріне алмай отыр. Ендеше, бізде әлемдік додаларда топ жаратын мұсылман жастарды шығаруға атсалысуымыз қажет.
Жастардың дін саласында да дұрыс бағыт-бағдар алуы негізгі басымдық беретін мәселеге айналып отыр.
Әр нәрсенің пайда мен зиянды тұстары болады. Мәселен, интернетті білімді, қабілетті арттыру мақсатында пайдаланудың маңызы зор. Өкінішке қарай, кейбір іні-қарындастарымыз адамды рухани аздырып, ар мен ұяттан жұрдай етуге жетелейтін сайттарды пайдалануда.
Жасыратыны жоқ, қазір көпшілік жастарымыз заманауи ақпараттық құралдары мен интернет желілері арқылы Ислам жайлы мағлұматтарды өз бетінше алуда. Бәзбірі біздің қоғамға сәйкес келмейтін өзгеше пәтуаларды ұстанатыны байқалып қалады.
Мұндай кемшіліктерге бой алдырып, дінді ұстанамыз деп шектен шығып жатқан бауырларымызды өз беттерімен қалдырмай, әрбіріміз олармен тығыз байланыс орнатып, жұмыс істеуіміз қажет. Әсіресе, дін мамандары оларды өзімізден шеттетпей, қателесіп жүргенін біліммен түсіндіріп, дұрыс бағыт-бағдар көрсеткендері жөн. Мектептер мен Жоғарғы оқу орындарында және бұқаралық ақпарат құралдарында дәстүрлі Ислам жайында мағлұматтарды жастарымыздың санасына сіңірген абзал.
Осындай олқылықтарды болашақта болдырмау мақсатында ашылған ҚМДБ Жастар бөлімі жастармен жүйелі жұмыс істеп, біз күткен нәтижелерге қол жеткізеді деген сенім мол.
 
Дін мен дәстүр сабақтастығы

Ақпараттық технологияның қарыштап дамыған жаһандану заманында жер жүзі бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жатқандай әсер қалдырады. Бүгінгі адамзат ұрпағы айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған хабар-ошар құралдары мен мағлұмат әлеміне өрмекшінің өрмегін салған ғаламтор арқылы бір-бірін тікелей эфирде көруге мұрсат алды.
Алайда жаһанданудың жақсы мен жаман жағын ескеру ләзім. Әрбір ел, әрбір халық өзінің ерекшелігін басқа халықтармен салыстыра отырып танып-білуге тырысуда. Жаһанданудың жойқын иіріміне түсіп жойылып кетпеудің қамын жасап, өзіндік айырым белгілерін паш етіп, мәдениеті мен тілін, ділі мен дінін сақтап қалу үшін жанталасуда. Әрбір ұлтта өзін-өзі тану, идентификациялану үдерісі белең алды. Келешегін күйттеген елдер өз тарихына терең бойлап, идеологиялық ұстындарын қайта нақтылауға кірісті. Ғаламдық геосаяси додадан тыс қалмауға талаптанып генетикалық, тектік, тарихи, мәдени, тілдік зерттеулер жасап, тектестері мен туыстарын, танымдастарын іздей бастады. Бұл үдерістің көлеңке бетінде бөтен жұртқа шекеден қарау, өзгені сыртқа тебу, ксенофобия, шовинизм сырқаттары белең алды.
Расында, жаһандану аласапыранында біртұтас халық болып қалуымыз үшін алдымен тіліміз бен ділімізге һәм дінімізге берік болуымыз аса қажет. Халықаралық деңгейде қалыптасқан жайт осыны айғақтайды.
Ұлттық құндылықтарымызды лайықты қадірлеп, құнттай алмасақ, таным-түсінігіміз бен бітім-болмысымызға жат өзгелердің әспеттеп жүрген адамды арсыздыққа жетелейтін мәдениеті күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге әсер етуі мүмкін.
Расында, қазақты басқа халықтан ерекшелеп тұратын өзіне тән қасиеті бар. Ол – салқар даласындай кең көңілі, дастарханы жиылмайтын дархандығы, сыпайылығы, ізгілікке ұмтылған кең пейілі мен достығы. Айта берсек, далалықтарға тән даралық пен дегдарлықты негіздеген игі дәстүр мен даналықтан кенде емеспіз.
Ата-бабадан аманат болып жеткен сол дәстүрлердің бір парасы сан ғасырлардан бері ұласып келе жатқан ұғым-ұстанымдар болса, ал басым бөлігі асыл діннің әсерінен пайда болған дағдылар.
Расында да белгілі бір қауымның қалыптасуы үшін ортақ танымы болуы тиіс. Олай демеске шара жоқ. Себебі, кез келген ұлттың ұлт болып танылуы үшін алдымен ортақ тілі мен діні, тарихы мен салт-дәстүрі, Отаны болуы тиіс. Тарихшы ғалымдардың тәжірибесі мен зерттеулері көрсеткендей, адамзат ғұмырында ғибадатханасыз бір де бір қала болмаған екен. Сондай-ақ, әрбір ұлттың тағдыры оның рухани танымының өміршеңдігіне де байланысты.
Әрбір ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын нәрсе тілі мен мәдениеті және осылардың негізі болып табылатын діні. Қазақ халқының мәдени құндылықтары, сан ғасырлардан бері сақталып келе жатқан этнографиялық мұрасының негізі дәстүрі дініміз Исламда болған десек, еш қателеспейміз.
Ислам дінін қабылдағаннан кейін мұсылман қазақтың рухани, мәдени өмірінде жаңа бетбұрыстар болды. Ислам құндылықтары халқымыздың тілі мен тіршілігінде көрініс тауып, салтпен сабақтасып, әдемі үйлесіп жатты. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) іс-әрекеттері мен тағылымды тәрбиесі ұлтымыздың болмысына, өн бойына сіңісіп кеткен.
Халық ауыз әдебиетінің ойсалар озық саласы – мақал-мәтелдерде көтерілген тақырып, айтылар ой, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) даналығымен үндесуі соның дәлелі дер едік. Мақал – халықтың моральдық кодексі, тәлімі мол тәрбие қағидасы. Күнделікті айтып жүрген нақыл сөздерді Алла Елшісінің (с.ғ.с.) хадисінен табамыз. Мақал-мәтелдердің кейбіреуі әрі тілдік, әрі мағына жағынан да хадис мәтіндерімен бірдей.
Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тек дін мәселесінде емес, өмірдің әр саласында үмбетіне үлгі-өнеге болған. Мысалы, әлеуметтік салаға қатысты Хақ Елшісі (с.ғ.с.) бір өсиетінде былай дейді: «Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап».
Халқымыз осы хадисті нақылға айналдырып: «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй алмас бұрын көршіңді ойла», – деген.
Хадисте: «Асықпау – Рахманнан (Алладан), асығу – шайтаннан», – делінсе, халық арасында: «Асыққан шайтанның ісі», – деген нақыл кең тараған.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) күллі адам баласына:«Кеңес қылған ел азбас», – деп өсиет етсе, осы хадисті халқымыз да өмірінің өзегіне айналдырып, бертін келе мақал ретінде айтылып, тіпті қасына ұйқасын келтіріп былай деген: «Кеңес қылған ел азбас, кеңінен пішкен тон тозбас».
Хадистің негізінде, мағынасында туындаған мақал-мәтелдер де жетерлік.
Халқымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпы мұсылмандық танымның негізінде қалыптасты. Оған мысалдар жетіп-артылады. Имандылықты жастайыннан үйренген дала тұрғыны сауатты болған. Сауатсыздарды «әліпті таяқ деп білмейді» деп әжуалаған. Тіпті, танымдық мағлұматты білімнің басы деп санаған халқымыз «Дінді білмеген дымды білмейді» деген қағида қалыптастырған.
Жақын арада қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрінің Ислам дінімен байланысын дәріптейтін «Дін мен дәстүр» атты кітап шығарылмақ. Онда ұлтымыздың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан дүниетанымының, адамгершілік принциптерінің, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының төл дініміздің мұраттарымен сай келетіндігін, екеуінің бір арнада тоғысатындығы көрсетіледі. Сол арқылы жат ағымдар әкеп жатқан сыңаржақ пікірлерге тойтарыс берелмек. Мақсатымыз – теріс пиғылды идеологиялық басқыншылыққа қарсы ұлттық имани иммунитетті қалыптастыру. Бұл еңбек, Алла қаласа, тізбегімен жұртымызға жолданып отырады.

«Пәтуалар жинағы» жарық көрді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сан-салалы негізгі қызметінің бірі – шариғат талаптарын басшылыққа ала отырып, еліміздің қолданыстағы заңдары мен заңнамаларына, халқымыздың ежелден қалыптасқан әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне құрмет танытып, қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пәтуалар шығару. Құдайға шүкір, халқымыз Ислам құндылықтарын қастерлеп, имандылық жолын таңдап, Алланың әміріне бойұсынып келеді. Алайда дәстүрлі дінімізде ілім алудың маңызы зор. Ислам – білім мен ғылым діні. Осы орайда, мұсылман адам ізденген сайын оны көптеген діни мәселелер толғандыратыны хақ. Ол осы кезде дін қызметкерлерінен сауатты жауап, пәтуа күтеді. Кез келген пенденің күнделікті тұрмыс-тіршілігінде кездесіп жататын мәселелер көп. Мәселен, түсік тастау, өзін-өзі өлімге қию, ауру адамның дене мүшелерін ауыстыру, ажырасу, бір жыныстылардың үйленуі, т.б. Бұдан бөлек құлшылық амалдарында кездесетін сұрақтар да аз емес. Мүфтиятқа арнайы хат жазып, сауалдарына жауап жазуды өтінетіндер көп. Кейбір адамдар алыс аймақтардан арнайы келіп, мамандарымызбен жүздесіп, суалдар төңірегінде сұхбаттасып жатады. ҚМДБ мамандарының халық арасында сараптама жүргізу жұмысы барысында ел мұсылмандарының шариғи һәм заманауи пәтуаларға мұқтаж екені байқалды. Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Пәтуалар жинағы»-ның бірінші бөлімін шығарды. Құнды кітап уақыт талабы мен сұранысына сай қазақ, орыс, араб тілдерінде жарық көрді. «Біз мұндай құнды құжатқа бірінші рет қол жеткізіп отырмыз», – деп мұсылман жамағаты алғыс, ізгі тілектері мен жылы лебіздерін бідіруде. Қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пәтуалар мен сұрақ-жауаптар жинақталған кітапты кезең-кезеңімен халқымызға жеткізіп отыру жоспарымызда бар.

Түйін

«Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа», – деп Бұхар бабамыз айтқандай, қазіргі қазақ қоғамына ең керекті нәрсе, ол – имандылық. Тегінде, қиянат, зұлымдық атаулының бәрі имансыздықтан шығып жатады.
Халқымыз: «Құдайдан қорықпағаннан қорық», – дейді. Ендеше, оқта-текте бой көрсетіп қалатын арсыздық әрекеттер, жемқорлық, парақорлық сияқты қиянатты істер әсілі мұсылманға мүлде жат. «Мұсылманшылық кімде жоқ, тілде бар да, ділде жоқ» деп бұрынғы абыздарымыз айтып кеткендей, имандылығымызды ісімізбен дәлелдей алсақ, тіл мұсылман азайып, діл мұсылман көбейер еді. Ал имандылық салтанат құрған қоғамда азғындық пен арсыздықтың қайсы түріне де орын қалмасы анық.
Елді ілгері сүйрейтін ілкімді істердің іргетасы ізгілікке, имандылыққа, әділдікке, адамгершілікке құрылмаса, Алланы танып, Ұлы Жаратушы алдындағы жауапкершілікпен ұштаспаса, елдік мақсат толық орындалмайтынын баршамыз байқап-бағамдадық. Ұлымыз ұлықты, қызымыз салиқалы болмай, ұлы мұратқа жете алмайтынымызды сезіндік. Білімі мен білігі тасыған адамның нәпсісіне тұсау сала алмауы, иман мен ибалық қасиетінен алшақтауы, өзін-өзі өлтіру, араққұмарлық, жемқорлық, т.б. сынды дерттің дендеп кетуіне негізгі себептің бірі – рухани дағдарыс екеніне көзіміз жетті. Данышпан Абай айтқан «жақсы мен жаманды айырмау, ынсап, ұят, иман, ар, намыс, сабыр, талап» етпеу адамды тежеусіз нәпсінің құлына айналдырмақ
Біз бүгінде тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет ететін, білімді, иманды, ибалы, Отанын сүйетін ұрпақ тәрбиелеу жауапкершілігі жүктелген заманда өмір сүріп отырмыз. Иман бұлағынан сусындаған адам арына дақ түсірмейді. Өйткені, Ислам адамгершілік құндылықтарды қастерлеуге үндейді. Дәстүрлі діндердің мақсаты – ізгілік пен адамгершілік.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді», – деп дана халқымыз текке айтпаған. Осынау алмағайып заманда мұсылмандардың басын біріктіріп, ел игілігі мен бірлігі секілді ортақ мақсаттарға жұмылдыру басты назарда болмақ. Расында да, жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік керек. Ол үшін бірігіп іс жасауымыз қажет. Ұлы Жаратушымыз Қасиетті Құранда: «...Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» («Мәида» сүресі, 2-аят), – деген.
Имандылықтың бір шарты – басшыға бағыну. Біз Пайғамбардың (с.ғ.с.) «Басшыларыңа бағыныңдар» деген өсиетіне амал етіп, Елбасының төңірегіне топтасып, исі қазаққа ортақ мақсат-мүдделерімізге жету үшін лайықты қызмет ете алсақ, бірлігімізге бекем болсақ, егемен еліміздің туы әрқашан да биік, тәуелсіздігіміз баянды болатындығына сенімдімін.

«Егемен Қазақстан» газеті
№182 (28121) 3 тамыз, сенбі 2013 жыл

Категория: Мои статьи | Добавил: модератор (09.08.2013)
Просмотров: 526 | Рейтинг: 5.0/1 |
Форма входа
На русском языке
Muftyat.kz
Категории раздела
Мои статьи [11]
Поиск
Ауа райы
Яндекс.Погода
Курс валют
Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан
Yk-news.kz
Друзья сайта
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz
  • Менің қызметім жайында © 2018Создать бесплатный сайт с uCoz