Жиырма жылдан соң
Ұстаздан тәлім алып қаншама жан,
Есейіп елдің жүгін арқалаған.
Ұзаса, ұмыта алмай балалықты,
Бар түлек шәкірт шағын аңсап алар.
Мектебін қимай-қимай өріпті ұл-қыз,
Қоштастық он жетіде еріксіз біз.
Бас иіп бүгін ұшқан ұямызға
Жиырма жыл өткеннен соң
келіп тұрмыз.
Ұстаздар, сіздер асқақ тауларсыздар,
Ықтадық қаһарына алғанда ызғар.
Ұшырып түлектерді әр жыл сайын,
Жүректен ұшпай, қонып қалғансыздар.
Оралса өскен жерге босайды әркім,
Бір сезім жүректерде атой салды.
Көңілің тулап ала жөнеледі,
Көргенде ағайлар мен апайларды.
Ұстазы мен ұясына нұр тілеген,
Ұрпағың келді ортаңа, сілкіне бер.
Қаламай қояр едік өзге бақты
Сол күндер қайтып келсе, шіркін егер!
Оралмас енді әрине, ол күй өткен,
Самалы сағыныштың желпи ескен.
Шаттыққа бөлене бер алтын ұя,
Мың алғыс айтамыз біз ақ ниетпен.
|