Әбдікәрім Ахметов
Салют туралы жыр
Есімде, майдың кешінде Жүрген едік сайрандап, Сүйгенім де, өзім де Қарадық көкке қайран қап.
Астанаға ауданнан Жылымыз еді бұл келген. Жалтылы жанар аударған Салютті бұрын кім көрген.
Қарай бердік қызығып, Екі жас қол ұстасқан. Қызыл-жасыл сызылып, Гүл шоғын шаша түсті аспан.
Ұзақ тұрдық жеңістің Салютіне көз қадай. Содан бері жер үстін Басты жасыл жаз талай...
Содан бері қуанам Көрген сайын салютті. Көргендеймін мен одан Өмірімді сәулетті!
Қасым Аманжолов
Достар қайда жүрсіңдер
Достар, қайда жүрсіңдер, қай майданда? Мен де келе жатырмын малтып қанға. Ең болмаса біреуің кездессең ед, Ыстық, суық күндерде сағынғанда.
Күндер өтті, үңілдім сендерді іздеп, Айлар өтті: «көрмедік, білмейміз» деп, Жылдар өтті, таппадым, қайдасыңдар? Мені қуантсаңдаршы,-бірің кез кеп?
1945ж
Қасым Аманжолов
Дариға сол қыз
Өңімде ме еді; Түсімде ме еді, Көріп ем ғой бір Армандай қызды...
Бір нәзік сәуле Күлімдеп еді, Сұрапыл соғыс Соқты да бұзды.
Сапырды дауыл, Тебренді теңіз, Тулады толқын, Шайқалды шың-құз...
Қып-қызыл өрттің Ішінде жүрміз, Қайда екен, қайда, Дариға сол қыз?!
Оқ тиді келіп, Қайратым кеміп, Барамын сөніп, Келмейді өлгім!
Тұрғандай сол қыз Жаныма келіп, Талпына берді Қайран жас көңілім!
Көрсетпей жүзін, Ескертпей сөзін, Қаһарын төгіп, Тұр долы соғыс.
Арманым бар ма, Өлсем бір көріп, Қайда екен, қайда, Дариға, сол қыз?!
«Келмейді өлгім, Келмейді өлгім. Қайратым қайда, Келші осындайда».
Дедім де тұрдым, Жүгіре бердім, Қолымда найза, Шағылып айға.
Жеңдік қой жауды, Арман не құрбым, Күркіреп күндей, Өтті ғой соғыс.
Келемін қайтып, Өлеңімді айтып, Қайда екен, қайда, Дариға, сол қыз?
Иллюстрация: Музыка к фильмам.Ру
|