Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (muftyat.kz) ұшақ апатынан қаза тапқан жауынгерлеріміздің отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтадыҚР ҰҚК-нің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес 2012 жылғы 25 желтоқсан күні Шымкент қаласы әуежайынан 20 шақырым жерде Астана-Шымкент рейсімен ұшқан ҚР ҰҚК Шекара қызметінің ведомстволық ұшағы апатқа ұшыраған.АН-72 әуе кемесі экипажының 7 мүшесі, 20 әскери қызметші, соның ішінде ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының міндетін уақытша атқарушы, полковник Тұрғанбек Стамбеков қаза болған. Қаралы хабар барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының және еліміздің барша мұсылмандарының атынан қаза болған жауынгерлеріміздің отбасылары мен туған-туысқандары, жақын-жұрағаттарына қатты қайғырып көңіл айтамын.Халқымыздың басына түскен ауыр қайғыны бөлісе отырып, Отан қорғау жолында өмірлері қыршынынан қиылған бауырларымыздың жандары жұмақта болсын деп тілеймін. Алла тағала қиямет күні Отаны үшін жанын берген жауынгерлерімізді шексіз шапағатына бөлесін.Исламда бес нәрсені: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау міндеттеледі. Осы құндылықтарды қорғау жолында жанын бергендер шейіт саналады. Шейіттердің ақыретте есепсіз жәннатқа барары туралы қасиетті Құранда: «Шейіттерді өлдіге санамаңдар. Олар тірі, Алла біледі, сендер білмейсіңдер» делінген («Бақара» сүресі, 154-аят). Сондықтан Отанды қорғау және мемлекетіміздің жарқын болашағы жолында қаза тапқандарды Жаратушы Иемізден шейіттер қатарына қосып, жәннаттан жай бұйыртуын тілейміз.Тәуелсіз Отанымыздың адал жауынгерлері–шекарашыларымыздың жарқын бейнесін халқымыз ұмытпайды. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің Төрағасы, Бас мүфти Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі
muftyat.kz
|