Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Атырау қаласындағы облыстық «Иманғали» орталық мешітінде қасиетті жұма намазында жамағатпен жүздесіп, уағыз айтты. «Құрметті жамағат, бауырлар, біз бүгінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, дінді ұстануға еркіндік берілген бейбіт заманда өмір сүріп отырмыз. Намаз оқуға, ораза ұстауға, бір сөзбен айтқанда, ізгі амал істеймін деген пендеге ешкім кедергі емес. Бұл – Алланың бізге берген шексіз нығметі емес пе? Ендеше, бөлінбейік, бір болайық. Бір-бірімізді қолдап, жақсылықта жәрдемші болайық. Игі істерде жарысайық. Алла барша мұсылманға осылай бұйырған. Уақыттың қадірін білейік. Сонда ғана береке-бірлігіміз артып, мемлекетіміздің мерейі үстем болмақ. Жаратушы Иеміз бүгінгі жасаған ғибадат-құлшылықтарымызды қабыл етіп, баршамызға екі дүниенің бақытын нәсіп еткей!» – деп дұға жасады Бас мүфти. Ержан қажы Маямеров Атырау облысындағы мешіт имамдарымен кездесіп, жергілікті діни ахуалмен танысты. Асыл дініміздің көсегесін көгертуге қатысты тиісті тапсырмалар берді. «Алланың берген мүмкіндігін пайдаланып, дінімізге, халқымызға қызмет етуде қажырлық танытып, игілікті істерді жүзеге асыра беріңіздер. Халқымыздың бірлігін нығайтуда аянбай күш-жігер жұмсаңыздар», – деді ол.