Главная » 2014»Январь»15 » Діни басқарма және Дін істері агенттігі меморандум қабылдады
Діни басқарма және Дін істері агенттігі меморандум қабылдады
08:18
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі мен «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі өтті. Бұл шара мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастарды нығайту аясында қазіргі уақытта республика аумағында мұсылмандық сенімге байланысты орын алған өзекті мәселелерді шешуде Дін істері агенттігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өзара әрекеттесуін дамыту мақсатында жүзеге асырылды. Келісім Қазақстанның зайырлылық сипатын және діни бірлестіктердің заң алдындағы теңдігінің принциптерін сақтай отырып, оларға ортақ құқықтық алаң құрып отыр. Осының аясында діни бірлестіктер өз қызметтерінде бірдей мүмкіндіктер мен шектеулерге ие. Оған қоса, дін қоғамның маңызды саласы. Сондықтан, мемлекеттің әр түрлі конфессиялардан тұратын ұйымдармен ынтымақтастығы қоғамның игілікті әрі үйлесімді дамуы үшін қажет. Келісім негізінде тараптар өз құзыреттері шеңберінде мұсылмандардың арасында және мұсылмандардың басқа конфессиялар мен діни бірлестіктердің өкілдерімен татулық пен келісімді, түсіністікті, толеранттылық пен бір-біріне құрмет көрсету мәселелері бойынша байланыс орнатпақ. Агенттік өз құзыреті шеңберінде Діни басқарманың мүдделі мемлекеттік органдармен діни білім беру жүйесін жетілдіру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қалыптастыруға қажетті ақпараттармен алмасу, дін саласындағы теріс көріністердің алдын алу, тұрғындардың бойында радикалдық идеологияларға қарсы тұра алатын иммунитеттерін қалыптастыру мәселелері бойынша өзара әрекеттестік орнатуына қол ұшын созады. Сонымен қатар, діни – рухани құндылықтарды және дін мен адамгершіліктің дәстүрлі түсінігін сақтау мен дамытуға бағытталған бірлескен іс-шараларды (конференциялар, форумдар, кездесулер және т.б.) да бірлесіп өткізуге бір-біріне көмектеседі. Аталған шара ел аумағында дәстүрлі рухани құндылықтарды нығайтуға, жат пиғылды діни идеологиялардың таралуына жол бермеуге мол мүмкіндік бермек. www.din.gov.kz