Осыдан төрт-ақ жыл бұрын батысқазақстандық интернет пайдаланушылардың саны 25 пайыздан аспайтын. Қазір 60-70 пайызға барды. Ғаламтор, сөз жоқ, ақпарат алмасудың тамаша тәсілі, оның ролін жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, жаһандық желіде жазылғанның бәрін ақиқат ретінде қабылдаудың да еш қисыны келмейді. Әсіресе, діни тұрғыда түрлі сайт ашып алып, халықты Алланың ақ жолынан адастыруды көздегендердің әрекеті мемлекетіміз үшін мейлінше қауіпті.
Хақ діндегі жиһад ұғымының мәнін әдейі бұрмалап, қоғамды жік-жікке бөлу, дінаралық дүрдараздықты қоздыру арқылы билікке келу дінбұзарлардың басты мақсаты болып табылады. Қасиетті дініміздің атын жамылған арсыздар бұл жолда қандай құрал, амал-айладан да тартынбасы анық. Ол құралдардың бірі әрі бірегейі ғаламтор болса, ғаламтордан түспейтін жастар оң-солын айырмастан сол амал-айланың тұзағына тез түседі. Мысалды алыстан іздемелік. Оны күнде көшеден көріп жүрміз, бәлкім, көршіміз, бәлкім, бауырымыз. Діни дүмшелігінің кесірінен ақ сүтін берген анасымен, әлпештеген әкесімен, бірге туған бауырларымен ортақ дастарқан басына отырмайтын, шүйіркелесіп әңгіме-дүкен құрмайтын, қайғыны бөліспейтін, қуанышта көріспейтін қатыгез, қасаң ұл-қыз пайда болды.
Дінбұзарлар әуелі тұлғаны өзіндік менінен айырады, тобырға айналдырады. Жарассын, жараспасын, жаппай сақал қою, шалбарды балағынан шорт кесу, қайғыдан қара жамылып жүргендей тұмшаланып киіну діни қажеттілік ретінде түсіндіріледі. Шын мәнінде ол арнайы атрибутика, жымысқылықты жасыру, керек десеңіз идеялық тұрғыдан ине сұғылмайтын, шебер ұйымдастырылған құрылым деген дұрыс. Құдай оның бетін әрі қылсын, дегенмен бір шарасы алынбаса, отбасылық трагедия отандық ауқымға шығып кете ме деген де қорқыныш бар көңілде.
Мамандар интернеттегі жалғанисламды насихаттайтын сайттарды төрт топқа бөліп қарастырады.
Біріншісі, қарулы жиһадқа, терроризм мен діни экстремизмге ашық шақыратын сайттар.
Екіншісі, тыйым салынған халықаралық лаңкестік ұйымдардың қаржысына ашылған, елдің тұтастығын бұзуға үндейтін сайттар. Бүгін таңда олардың саны бірнеше жүзге жетті.
Үшіншісі, қоғам мүшелерін бір-біріне қарсы айдап салу арқылы нәсілдік, ұлтаралық төзімсіздікті қалыптастыруға тырысатын сайттар.
Соңғы төртінші топ - жоғарыда аталған мақсат-мүдделерді жүзеге асыру жолдарын көрсеткен анықтамалық сипаттағы ақпаратқа толы сайттар.
Ең күрделісі ғаламтор арқылы ағылған мұндай теріс пиғылдағы ақпараттар ағынына тосқауыл қоятын құқықтық тетік Қазақстанда әлі жоқ.
Батыс Қазақстан облыстық дін істері жөніндегі департаментінің бас маманы Ғалымбек Мәжиевтің айтуынша, жастардың жаппай дінге қызығушылық білдіруі наным-сенімді өз мүдделеріне пайдаланатындар үшін таптырмас олжа болып отыр. Бірақ исламды интернет арқылы толық танып-білу мүмкін емес. Діни білім ұстаздан шәкіртке ауызша беріледі. Ал ғаламтордан оқығаныңды басқаларға тарату қылмыстың нағыз көкесі.
– Мысалы, Қазақстан мұ-сылмандары діни басқармасының қызметімен келіспейтінін ашық болмаса да, астарлап жеткізетін отызға жуық сайт бар. Осы тақылеттес сайттардың көпшілігі бізде жасалмаған, олар әлемдік жүгенсіз идеяның бір бөлшегі. Бұл сайттарға жіберілген біздің бейбіт тірлікке шақырған үндеу-материалдарымыз жарияланбайды. Өйткені олар модераторлардың мүддесіне қайшы. Олардың басты мақсаты - қоғамды іштен іріту, сондықтан оларға алауыздық тудыратын материалдар керек. Ата-аналарға айтарым, балаларыңыз қандай сайттарға кіріп жүр, соған мұқият зер салыңыздар. Дінге қызығатын болса, дұрыс әрі толыққанды ақпаратты діни басқарманың өкілетті органдарынан немесе біздің департаменттен алуларына болады, – дейді Ғалымбек Мажиев.