ҚМДБ-ның Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлы Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында жұмыс сапарымен болып қайтты. Сапар аясында өкіл имам Риддер қалалық «Дінмұхаммед Қонаев» мешітінде болып, жамағатпен кездесті.
Риддер қаласының бас имамы жасалып жатқан шаруалар туралы таныстырды. Өкіл имам мешіттің хал-жағдайымен танысып, қала имамына нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар төрт бағыт бойынша шараларды ширатуды тапсырды.
«Діни басқарманың тапсырмаларын уақытында жедел орындау, халық арасында нақты шаралар жасау басты міндет. Мешіттердің жұмыстарында ешқандай іркілістер болуға тиіс емес» деп атап өтті, өкіл имам өз сөзінде.
Бұдан соң Е. Тасболатұлы «Риддер аграрлық-техникалық колледжінде» болып жастармен «Лаңкестік-исламнан емес» атты тақырыпта кездесу өткізді. Студенттер алдында ол лаңкестіктің исламмен байланысы жоқ екендігіне тоқтала келе, исламның бейбітшілік діні екендігін нақты мысалдармен тағылымды ғибрат ретінде айтып берді. Жастар ықыласпен тыңдады.
Ермек қажы Тасболатұлы сапар барысында «Риддер қалалық мәдениет үйінде» дінтанушы, теологтармен кездесу жасап, кері ағымдардан сақтану және салт-дәстүр құндылықтары жайлы насихат айтты. Соңынан қатысушылардан қойылған сауалдарға жауап берді.
Ғибратты, рухани-танымдық әңгімесі үшін оқу орны басшылығы өкіл имамға алғыс білдірді.
Шығыс Қазақстан облыстық
«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі
|