Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күнін қасиетті мереке ретінде атап өту үрдісі Ислам әлемінде һижри 4-5 ғғ. басталған. Ислам ғұламалары бұл жайлы көптеген құнды еңбектер жазып, Мәуліттің дініміздегі орнын анықтауға тырысқан.
Қазіргі таңда бұл мерекені бірлі-жарым мұсылман мемлекеттерінен басқа барлық Ислам әлемі ерекше атап өтеді. Мерекеде Аллаһ тағаланың кәламы- қасиетті Құран Кәрім оқылып, Пайғамбарымыз(с.ғ.с.) жайлы мадақ өлеңдер мен жырлар, салауаттар айтылады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір жолы барынша насихатталып, үмбетінің Аллаһ Елшісіне (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік сезімдері одан әрі күшейе түседі. Мүмкіндікке қарай, қасиетті Мәуліт күнін себеп етіп көпшілікке ас-су таратуға, сыйлықтар үлестіруге, басқа да игі шаралар ұйымдастыруға болады.
Мәулітке байланысты дәлелдерді жазбас бұрын, Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіндегі: «...Кейіннен (дінде) шығарылған барлық жаңа нәрселер- бидғат, ал барлық бидғат- адасушылық», деп айтылған ескертуінің мән-жайын анықтап алайық.
Мәуліт мерекесін атап өту Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында болмаған. Пайғамбарымыздың заманында болмаған істі ғибадат ретінде тұрақты жасау бидғатқа жатады.
|