(А. Сәдиевтің мақаласы қысқартылып беріліп отыр)
Мәуліт-бүкіл әлем ынтыға күткен Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүние есігін ашқан күні. Мәуліт-ел боп, көпшілікпен аталып өтілетін мұсылмандар үшін елеулі де ерекше мереке. Қазіргі таңда бұл мейрам көптеген мұсылман елдерінде бар. Мысалы, Египетте, Түркияда, Пәкістанда, Үндістанда және көптеген араб елдерінде осы айда ғылыми жиындар өткізіледі. Өйткені, бұл Алла Тағала барша адамзатты ширктен (Аллаға серік қосудан), қараңғылық пен надандықтан құтқару үшін екі дүниенің сәруәрі, барша пайғамбарлардың абзалы болған Мұхаммедті (с.ғ.с.) әлемдерге рахмет етіп жіберген қасиетті ай.
Хақтың да, халықтың да ыстық ықыласына бөленген сүйікті елші Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшкен кезде ел-жұрт оны қанша күн сарыла жолын тосқаны мәлім. Сағыныштарын әнге қосып: «Бізге толықсыған ай туды, бұған қалай шүкір етпессің?»,-деп тебіренді. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) көру үлкен думанды мерекеге ұласты. Сүйікті елшінің Мәдина қаласына келуінің өзі үлкен мереке болса, Оның әлемге келуі қалайша қуаныш-мереке болмасын десеңізші!
Дегенмен, қазіргі күні осы раббиуләууәл айында аталып өтетін Мәуліт мерекесіне қарсы шығып жүргендер бар, сондықтан пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулітін атап өтуге байланысты мұсылмандар арасында қарама-қайшылықтар туындап жүргені рас. Кейбіреулер оны адасушылыққа апаратын бидғат санап, мәулітті атап өтетін жұртшылықты адасқандар қатарына жатқызады. Бұлай кесіп үкім жасау әсте дұрыс емес. Мұндай көзқарастар мен пікірлердің туындауына діни шала сауаттылықпен білімсіздік себепші боп отыр.
|