Өскемен қаласы «Мұхамади» мешітінің бас имамы Ибрагим имам ердің жасы елуге толып отыр. (туған күні 24 қыркүйек, 1962 жыл). Оны осы атаулы күнімен құттықтай отырып, тілегіміз бір болғандықтан «Туған күнге батаны» қайталағымыз келді:«Бірлік берсін басыңа, Береке берсін асыңа. Жақсылыққа жақ болып, Жас қосылсын жасыңа! Оңға басса талабың, Кеуіп босқа тасыма. Тайып кетсе табаның, Жүнжіп босқа жасыма. Арам ойлы арсызбен Бола көрме ашына. Алды-артыңды ойламай, Іс қылмағай асыға. Жолдас боп ер парықтап, Жақсы адамның қасына. Сонда жаның жай тауып, Бас қосылсын басыңа, Жас қосылсын жасыңа!!!
Әумин»,-дей отырып, назарларыңызға Ибрагим қажы Қарнақбайұлы жайлы жазылған очерктен үзінді ұсынамыз. Өйткені имамдық қызмет кәсіп көзі немесе, кейбіреулер ойлайтындай, атақ-абырой емес, жауапкершілігі аса жоғары, талабы ауыр міндет екенін бірер сөзбен айтып түсіндіру қиын. Ибрагим қажы Қарнақбайұлы болса білікті де білгір, тура жолға нұсқауға үгіттейтін, көшбасшы ілімді халыққа түсіндіре білетін азамат ретінде аталған міндетін абыроймен орындап келеді.
Ал енді «үзінді мәселесіне» көшейік. Қызметкер әңгімесінен ислам діні жайлы хабар ұйымдастыру жөнінде бастығының нұсқауы, сол өткен шақтағы студия ішіндегі тыныс айқын сезіледі... Мұның ішінде хабардың үнемі беріліп тұруы қажеттігі айқындалады.
Шынайы сенім
Мен сияқты ол да журналистиканы бітірген, оның үстіне Москвада оқыған. Мен де онда оқығам. Сондағы бүкілодақтық телевизия және радио хабарларын тарату жөніндегі институтта газет, журналдарда істей алатын, бірақ тілшіні телевизиялық журналистке «айналдыратын» факультетінде айырмашылық емтихандарын жақсы тапсырып, қосымша құжатын алып келгем. Көп жайда қарсылықтар білместіктен туындап, тәп-тәуір мәселе көтергендердің өзі нашарлау тартып тұрған соң қолдаушылар түрлі себептер тауып демей қоймайды. Өйткені сенімді болмаса, ертеңгі салмақ өзіне түседі ғой.Ал менің бар кейпім бастықтың алдында сенімді қадам иесі сияқты едім. Мұның үстіне оның менің соңғы деректерді тіркеумен ғана шұғылданатын, әлсіздігін сонымен білдірмейтін тілшілер жайындағы пікірім қатты иландырды.-Жақсы,-деді ол ағынан жарылып әлі терезеге қараған қалпы ойланып,-хабарға қатысатын кісілерді іріктеу қажет. Өмірге белсене араласпай отырған ұят. Алайда күні ертең «ана молла ауырып қалды, мына молла бір жаққа кетіп қалыпты» дегендей түрлі сылтаулар көбейіп кетпесін.Түсініп тұрмын, халық айтады ғой, «елге – күлкі, дұшпанға таба болма» дегендей. Жаңағыдай жағдайлар кездеспей тұрмайды, ондайда тысқары ел тұр ғой, осы өзіміздің студия ішінде бір-бірімізді турап жұлып жегендей боламыз. Ел алдында қызмет істеген оңай деп тазалықтан аулақ жүргендер ғана айтады. Әйтпесе, жауапкершілігі мол абыройлы жұмысты немқұрайдылықпен атқару адамды сорлататыны анық. Міне, осындайда, жоғарыда әңгімелегенімдей, «мен жұмысымды өте жақсы істедім, ана бастық сондай болысты, мына редактор керемет еді» деп кесіп айту, олардың аты-жөндерін атап жату қиын.Ортақ іске қадарынша бәрі де үлес қосып жатыр.Бас имам болса, айта алады. Себебі оның алдында әлі де талай алар асулар тұрғанымен, мазасы кетіп, қалың шаруалар ішінде жүргенімен әлден атқарып қойған істері мол.Осы жолғы әңгімесінің соңында бұрынғы хабардан кейін келіп түскен сұрақтарға жауап берді: -Көгілдір экран көрермендері менің қайдан келіп қайда тұрғанымды сұраған екен. Енді осы жайларға қысқаша тоқтала кетейін,-деді ол сәл езу тартып.–мен Оңтүстік Қазақстан азаматымын, сонда туып өстік, ол жақта сіздердегідей емес, діни әдет-ғұрып жақсы сақталып келеді. Мектеп бітіргеннен кейін Бұхара қаласындағы «Мир-Араб» медресесінде жеті жыл дәріс тындап оқып, діни білім алдым. Одан соң Алматыдағы орталық мешітте наиб имам қызметін атқардым. Бір мың тоғыз жүз тоқсаныншы жылдан бастап осында бас имам болып жұмыс істеп келе жатырмын. Египеттегі «Әл-Азһар» университетінде білімімді жетілдіргенімді айта кетейін. Екінші сауал-қазіргі қиыншылықтар жайлы көрінеді. Бұл енді ұзақ сонар әңгіме болғалы тұр. Пәтер мәселесі, мешіт құрылысы жөнінде келесі бір кезекте айтармыз. Әзірше естеріңізге сала кетейін, сол көп қиыншылықтарға қарамастан қолға алған істеріміз өркен жая бастады, мұның өзі өрісіміз кеңейе түсті деген сөз...«Өнерлінің өрісі ұзақ...»
Бұрын көгілдір экраннан «Жаныңда жүр жақсы адам», кейін «Ақжолтай» деп өзгертілген хабар беріліп тұрушы еді. Онда өнегелі жандар жайлы айтылып, оларға музыкалық сәлемдер жолданатын. Жерлестеріміздің көбі өздерінің абыройлы туыстары, жора-жолдастары, ұжым мүшелері туралы хабар-ошарларын әкеліп, талаптамаларын тастап кететін. Солардың арасында өзімізге таныс кісілер де көптеп саналушы еді, солардың шағын тобынан біраз адам біздің бөлмеде отырған. Бас имам әңгімесін:-Сіздердің барлығыңызға Алланың нұры жаусын. Бас аман, мал түгел болып, береке-бірліктен айырылмайық!–деп аяқтағанда бөлмеде отырғандар баяғыдан жылы сөз естімеген адамдардай–ақ көздеріне жас ала жаздады.Менен қысылып жатқан олар жоқ, бірінен кейін бірі дабдырласып қуанысып жатыр:-Ой, айналайын–ай, айтқаның келсін!-Әңгімесінің бас жағын тыңдай алмағанымды – ай!-Апыр–ау, мынауың жанып тұр ғой?!-Қазақ айтпай ма, «өнерлінің өрісі ұзақ!» деп. Білімді мыңды жығар деген. Шетелден оқыдым деді ме, не деді?-Ия, біздің жаққа оңай–оспақ молланы жібере қоймас. -Молла емес, бас имам болып келіп отыр ғой. Ұқпай қалдың ба?!–деді бірісіне мосқалдау жолдасы,-барып амандасып шығайықшы?!Студия ішіне кіруге болмайтынын, қазір өзі осында келетінін айтып сөзге араласуға тура келді. Жастар жағына өңгесін қойғанда, бас имамның жүріс–тұрысына дейін қызықты көрінді, бұрын көріп –білмесе қайтсін?!Дәлізден даңғыраған дауыстар естілгенде бөлменің есігін ашысып, Ибрагим имамды хошаметтеп кіргізісіп қарқ болып қалысты. Өздерінің шаруаларын да ұмытқандай қаумаласып абыр-сабыр амандық–саулықтарын біліскен соң, сұрақтарын жан-жақтан жаудырды. Бас имамның уақытын аламыз-ау десіп жатқан ешкім аңғарылмайды, ұмтыла бастаған діни жолдың сан тармақтарын бірден біліп игеруге құштар.Біздің жақтың моллаларының әбес қылықтарын айтысып күлкі етіседі. Аңдығаны–баққандары–қисыны келсе, қалталарына бірдеңе қамтып қалу, халықты имандылыққа тәрбиелеудің мән–жайын өздері де ұға қоймайтын сияқты десіп жатыр.Мұның бәрін сабырмен жымия күлімсірей тыңдап отырған Ибрагим имам біраз студия ішіндегі «арпалыстан» демін басқандай болғанда:-Сауалдарыңыз мол болып шықты ғой. Біразына біртіндеп жауап беріп көрейін. Қалғандарына жауапты, соңырақ хабарласа жатармыз, сонда естірсіздер. Эфирден берілетін «Иманшартқа» назар аудара жүріңіздер,-деді бәрін көзімен шола қарап. Бір жастау келіншек: -Ағай, Египетте білім алдым дедіңіз ғой, Шала–пұла оқығанымыз бар, ол жақ ыстық дейді ғой. Қалай шыдап жүрдіңіздер. Киім–кешектеріңіз қандай болды,-деп күлімсіреп қалды.Мысыр елі екі мың шаршы шақырымға ауысатын жерді алып жатқан өзіндік жоғары мәдениеті бар ел, орталығы Каирдің өзінде, мен сонда болғанда жеті миллиондай халық тұратын, көбі мұсылмандар. Мұның бәріне қысқаша тоқталып отырғаным, осындай ел болған соң қалай киінемін десең де шектеу жоқ. Ибағаттан аспай, салт-ғұрыпқа сай жеңілдеу киініп жүрдік. Ол жақ ыстық екені рас, бірақ менің өзім бұл жағынан қинала қойғаным жоқ. Біздің Оңтүстікте, мен оқыған Бұхара қаласы да салқын емес қой. Мысыр еліндегі тұрғын, оқитын жайларда кондиционерлер арқылы қалыпты, қолайлы температура сақталып тұрады. Емін–еркін жүресің, менің мына жерге келетін ұзын шашым болды,-деп желкесінен төменірек мойын тұсын алақанын соза көрсетіп жымиып қойды,-кафелеріне, ойын–сауық орындарына бардық.-Кімдермен бардыңыздар? Тәрбиешілер алып жүре ме?-Ия. Бөтен бостақ ешкімде алып жүрмейді. Бірге оқитындар көп қой, бізбен бірге сан алуан халық өкілдері оқыды. Жаңа айттым ғой, ол ел бүкіл дүние жүзі мұсылмандары бас қосатын өңір. Шынайы мұсылмандар жүрген жерде мен өз басым – тәртіп бұзу, бұзақылық жасау дегенді көрмедім.-Қай тілде сөйлейді екен?-Мемлекеттік тілі–араб тілі... Ол жағынан да құралақан емеспіз...Бас имам тағы күлімсіреп қойды.Осы мезетте мана Ибрагим имаммен студия ішіне барып амандасқысы келген жігіт ағасы:-Апыр–ай, қарағым–ай, байқап отырсам, жастық шағыңнан қауырт істер ортасында жүр екенсің. Біздің облыс қиын тиеді ғой сенің жұмысыңа? Мұны қайтесің?–деді жанашырлық сезімін білдіріп.-Күндіз–түні ойлап жүргеніміз осы, отағасы,-деді бас имам әдеткі мейірбан ажарынан айырылмайтын күйінде,-өзіңіз секілді аға–інілер қолғабыстарына сүйеніп жатырмыз.Сонан соң ол жетпіс жыл бойы қалыптасып қалған баршаға мәлім дағдыға сәйкес жастарды айтпағанда үлкендердің діни қарапайым қағидаларды, рәсімдердің тәртіптерін біле бермейтініне қысқаша тоқталды. Осыдан барып неше түрлі қолапайсыз жағдайлар көрініс беріп жатады. Бірте–бірте орын алған олқылықтардың түзелетініне сенімді.Ол алғаш өкіл имам болып Өскеменге келгенде арнайы білімі бар дін қызметкері жалғыз өзі болатын. Елімізде енді, құдайға шүкір, ислам университеті, медреселер, оның ішінде қыздар медресесі, тіпті осы Өскеменнің орталық мешітінде медресе жұмыс істей бастады.Шетелдермен қарым-қатнас үзілмеуде, соның бір нәтижесі–мешітте Туркия азаматы Режеп Шифчи сабақ берді. Режептің дәрістерінің ұғымды, жұғымды–болғаны соншалық, қалың көпті соншама серпілтіп тастады. Әсіресе, әжелер жағы күн сайын алыстан келген азаматқа қалайша ризалықтарын білдірерлерін білмей, дастархандарын жасап, бауырсақтарын, құрт–майларын төккенде адамдардың жылы шуағынан мешіт іші мерекедегідей гүл жайнап кетіп жүрді. Ол да апаларын қауқалақтап қарсы алып мәз-мейрам. Иіліп төсек, жайылып жастық болатындай ибағат өнегесін көрсетіп, мол әсер қалдырып кетті. -Кетіп қалды ма?–деді жастау жігіт. Сұрағында сонан үйренсем бе деген үн сезілді.-Кесімді мерзімнен соң еліне аттандырып салдық.-Қимай хоштасқан шығарсыздар?–деді бидай өңді алпысқа тақау болса да, тың апамыз. -Айтпаңыз! Әжелереміз жылап хоштасты десем, артық емес. Ол да көзіне жас алып, хабарласып тұруға мәлімдесіп, әрең тарқастық. Ақсақалдар бар, жастар бар–бәріміз құрметпен шығарып салдық.Мана сауал берген келіншекке еріп келгендей көрінген бұрымы әжептәуір келісті, жаудыраған көз, именшек қыздың сұрағы батыл естілді. Ол Мысыр жайлы әңгіменің жалғасын тыңдағысы келгендей ыңғай танытып:-Ағай, ол жақтың тамақтары қалай болады екен?–деп отырған жұртты бір күлдіріп алды. Күлетін сауал емес, дегенмен қызық естілгендікі ме бәрі де жадырасып жауап тосты.-Айтайын,-деді бас имам,-Мысыр жұртының ас әзірлеуінен өз басым ешқандай кемістік таба алмадым. Қай тұсынан ауқаттансаңыз да әртүрлі астарының дәмі тіл үйіреді. Елге оралған соң өзіміздің тамақтарға талайға дейін қайтадан үйрене алмай жүрдім. Осыдан–ақ сезіп жататын шығарсыздар.-Олары жақсы екен!-Біздің асханалардағы астың бір сарындылығы кісіні жалықтырады.-Қазір енді жаңа заман талаптары күшейді ғой, бірте–бірте бәрі де көңілдегідей болады деп ойлаймын,-деді бас имам дауыс ырғағымен жиналғандарға уақытының шектеулі, асығыс екеніп байқатып,-менің сіздерге әзірге айтарым осы... Модератор
|