Қазақстан Республикасының Президенті халқына Жолдауында былай деп атап көрсетілген: «Қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтастығын әйгілейді. Шежіре-қазақты бөлшектейтін емес, керісінше, біріктіретін ұғым. Барша адамзаттың Адам атадан басталатыны сияқты, бүкіл қазақтың шежіре атаулысы Атам қазақтан бастау алатынын әрбір қазақ жүрегінің төрінде ұстауға тиіс. Тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш жігерін біріктіріп қана біз алға баса аламыз. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ». Қадірменді жерлестеріміз және қонақтарымыз берекеміз молайып, ынтымағымыз артып, деніміз сау болып бақытты өмір сүрейік деген тілектерімізді білдіреміз. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Наурыз-Шығыс халықтарының соның ішінде түрік халықтарының төл Жаңа жылы. Бабаларымыз бұл күнді Ұлыстың ұлы күні деп атаған. Наурыз мереке-думанының өне бойында Тәңірлік сенімнің элементтері молынан кездеседі. Аспан-Ата, жер-Анаға тағзым ету, екі оттың арасынан өткізіп, пәле-жаланы аластау, ыдыс-аяқты ырысқа толтырып қою, бұлақ көздерін аршу, көкке ақ бүрку сияқты осы мереке кезінде жасалатын жоралғылар соның айғағы. Наурыз, сондай-ақ халқымыздың шаруашылық үрдісіне де қатысы бар мереке. Қыстан қысылып шығып, алдағы тоқшылық пен молшылықтың елшісіндей көктемге ілігуі-халық үшін үлкен қуаныш, ұлы той. Күн жылы шуағын төгіп, табиғаттың мейірі иіп, адамдардың арқа-басы кеңіп, шаруаның бір малы екеу болып, аққа кенеліп, жайлауға көші-қонын сайлап, алдағы күндерге шүкіршілікпен сенім артуы-бәрі-бәрі осы Наурыз мерекесінің табиғи болмысымен ұштасып жатыр.
|