Біз осыдан біраз бұрын яғни әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 4 съезі қарсаңында «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орталық Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіретпен болған сұхбаты жөнінде айтқан едік. Елбасымыз «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н. Ә. Назарбаевтың партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында дін мәселесі жөніндегі ұстанымды нақты айқындау қажеттігін ескерткеніне орай өткен екен. Онда мынадай құнды пікірлер мол: «Ислам діні сан ғасырлардан бері мемлекеттің тірегі ретінде ақыл мен парасаттың, озық ғылым мен ұлы өркениеттің, мәдениет пен татулықтың діні қызметін атқарып келеді. Ата-бабаларымыз таңдаған ұлы жол қай кезде де елді бірлік пен ынтымаққа шақырып, тәрбие мен өнегеге бастады. Салтымызға сіңіп, дәстүрімізге айналды. Қыз ұзату, шілдехана, тұсаукесер, сүндет той, келін түсіру, баланың қырқынан шығару секілді салттарымыздың қай-қайсысы да мұсылмандық таныммен әдемі үйлесуде. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет», «Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без», «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» сынды тәрбиелік мақалдардың көпшілігі мұсылмандық этикамен тығыз астасып жатыр. Діни жолымыздың асыл бағыттарын насихаттау «Мұхамади» мешітінде күннен күнге күшейіп келеді. Мешіттің бас имамы Ибрагим қажы Қарнақбайұлы бастаған мешіт қызметкері Қ. Уақов, Б. Құниязов және басқалары жұмадағы бас қосуларда «Ислам-адамзаттың асыл тәжі» деген атпен іске асып келе жатқан пайдалы шаралардың жүзеге асуларына барынша үлес қосуда. Ал мешіттің бас имамы Ибрагим қажы Қарнақбайұлы осында ғана емес, қаладан тыс жерлерде де өнегелі қызметін көрсетіп жүр. Мәселен, күні кеше ғана Шемонаиха ауданынан оралды. Онда ол негізінен жазаларын өтеп жатқандардың ортасында болып, аса пайдалы уағыздарын өткізді: жаза баспайтын тұяқ жоқ, түзелерін айт деген ұғымға сөзбен ғана қарамай нақты ғибратты істер атқару керектігі жайлы салауатты ойлар қозғады... Рахмет айтушылар қатары өте мол болды. М. Баязитов.
|