Главная » 2013»Январь»24 » Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ: Салауат айтып, сәлем жолдайық!
Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ: Салауат айтып, сәлем жолдайық!
16:49
Шейх Әбсаттар қажы Дербілсәлі, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти: Шексіз-шетсіз ғаламның жаратушысы Аллаһ тағала Ислам діні арқылы діндерді толықтырып кемеліне келтірді. Пенделерінің бақыты үшін ең соңғы жарлығы Құран кәрімді түсірді. Осы қасиетті кітапты түсіндіруде Пайғамбарлар төресі, соңғы елші Мұхаммед (с.ғ.с.) адамзатқа ұстаздық етті. Сондықтан Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) тану -Жаратқанды тану, дінді дұрыс түсіну деген сөз. Сол себепті оның ғибратқа толы нұрлы ғұмырын оқып-үйрену – барша мұсылманның басты міндеті. Ардақты Елшінің (с.ғ.с.) өмірі, тәлім-тәрбиесі, ісімен насихаттаған ғүмырлық өлшемдері мен жүзеге асырған теңдессіз жаңалықтары жайында Шығыста да, Батыста да том-том кітаптар жазылды, әлі күнге дейін жазылып та жатыр. Бір ұғатынымыз, тарихта өткен пайғамбарлар мен басқа да небір тұлғаларға қарасақ, тіршілігі, жүріс-тұрысы, тіпті айтқан сөздеріне дейін мұрты бұзылмай сол күйі сақталуы жағынан ғаламның рақым нұрындай екінші бір тұлғаны көрсету мүмкін емес. Мұны мұсылман емес зерттеушілердің өзі мойындағаны шындық. Айталық, ағылшын ойшылы Жон Дауенпорт: «Өмірі дәл хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өміріндей егжей-тегжейлі зерттелген, ең кішігірім мәселелеріне дейін нақты дәлелдермен хатқа түскен өзімізге белгілі пайғамбарлар мен даңқты қолбасшылар арасында өзге ешкім жоқ» деп ағынан жарылған. Иә, тарихта ғибрат аларлық патшалар, даңқты қолбасшылар, қоғамға тың серпіліс әкелген кемеңгерлер, ғалымдар мен әулиелер де көп болған. Алайда олардың әрқайсысы өз саласында ғана атағы жер жарып, бір қырымен ғана танылған. Ал сан алуан салада бірдей жетістікке жету, бірнеше қасиетті бір бойына тоғыстыра білу тарихта болмаған жәйт. Бұл адамзатты кемелдікке тәрбиелеген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғана қолынан келген. Сондықтан бұрынғы өткен пайғамбарлардағы ең ерекше қасиеттер соның бойына шоғырланған еді. Одан Адам (ғ.с.) пайғамбардың тәубешілдігін, Ибраһимнің (ғ.с.) адалдығын, Мұсаның (ғ.с.) сөз тыңдаушы мүридтігін, Харунның (ғ.с.) сезімталдығын, Жүсіптің (ғ.с.) қаһармандығын, Әйюбтың (ғ.с.) сабырын, Дәуіттің (ғ.с.) батылдығын, Сүлейменнің (ғ.с.) байыптылығы мен ұлылығын, Яхияның (ғ.с.) қарапайымдылығын, Исаның (ғ.с.) мейірімділігін көруге болады. Ол әуел бастан-ақ құшағын айқара ашып Ислам дінінің белгілі бір қауым не ұлтпен ғана шектелмейтіндігін, оның бүкіл әлемге ортақ екенін айтып жар салды. Жаратқанның өзі: «Біз сені күллі әлемге тек мейірім ретінде ғана жібердік» («Әнбия», 107-аят), «Біз сені күллі адамзат баласына ескертуші, әрі сүйіншілеуші ретінде жібердік» («Сәбә» сүресі, 28-аят) деп, оған осы қасиетті міндетті жүктеген болатын. Сол себепті ол мұсылмандарға ғана емес, барша адамзатқа ортақ пайғамбар еді. Пайғамбарлықты жалпылама үлкен сарай деп алсақ, Мұхаммед (с.ғ.с.) Мұстафаның келуімен сол сарайдың соңғы кетігі тәмамдалды. Дүниеден өткеніне XV ғасырдай уақыт өткеніне қарамастан, әлі күнге дейін адамзаттың назарын аударып, күллі мұсылман жұртшылығының ыстық ықыласына бөленіп, жүректің төрінен орын алған, аты әлемнің түкпір-түкпірінде күніне кемі бес мәрте намаз алдында азан шақырғанда Аллаһ тағаланың атымен қатар аталатын хазреті Мұхаммедтей (с.ғ.с.) жан бар ма?! Ендеше, оған сансыз салауат айтып, сәлем жолдайық! muftyat.kz