Өр Алтай елінде тағы бір мешіт жамағатқа есігін айқара ашты. Әйгілі Тәж-Махал үлгісінде салынып, көздің жауын алатын зәулім ғибадатхананы жергілікті жеке кәсіпкер Қайрат Мусин «Туған жерге тағзым ет» акциясы аясында Ұлан ауданы мұсылмандарына сыйға тартып отыр. Ауған соғысының ардагері болып табылатын бұл иманды азамат халқына сыйлы, еліне елеулі, өз ортасында беделді. Алла үйінің ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ұлан ауданының тұрғындары, ауған соғысының ардагері, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Ө.Түсімов, т.б. қонақтар қатысты.
Мешітті салған Қайрат Мусиннің анасы бастап, ашу лентасы қиылып, азан шақырылып, мешітте екі рәкағат намаз оқылды. Дастарқан жайылып, Өскемен қаласы, «Мұхаммади» мешітінің бас имамы Ибрагим Қарнақбайұлы сөз сөйлеп, Құран оқыды. Игілікті шараға орай ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет арнайы құттықтау жолдады. Бүгінгі мұсылманның ертеңін ойлаған осындай азаматтарға Жаратқан Алла тағаланың жақсылығын тілейміз. Қан беру – сауапты іс Өскемен орталық мешітіне келіп, «Анама ота жасайды, қан керек» не болмаса «Қан тапшылығынан балама қиын болып тұр, көмек беріңдерші, ағайын!» деген жарнамасын мешіт тақтасына ілуге рұқсат сұрай келген мұсылмандардың қатары көп. Осыған орай, мешіт ұжымы жаңа имандылық ісіне ұйытқы болды. Жалпы, бүгінгі күні қан тапшылығынан зардап шегіп жатқан отандастарымыз аз емес. Дер кезіндегі көмектің болмауынан, қаншамасы індетінен айыға алмай о дүниеге аттануда. Ал соларға қан беру, яғни донор болу – сауапты істердің бірі. Осыны ескерген өңірдің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы Өскемен аймағына қарасты имамдарға мүмкіндігіне қарай медицина орталықтарына барып, қан өткізуге шақырды әрі өзі бірінші болып, донорлықты бастады. Бұл бастаманы қоштағандар білегін сыбануда. Имамдар тек өздері емес, жамағатты да қан беру ісіне атсалысуға шақырып, насихат жұмыстарын жүргіуде. Өскемен орталық мешітінің баспасөз қызметі
|