ЖАУАПТЫ ДА САУАПТЫ ҚЫЗМЕТТЕГІ ДІНДАРЛАР ДИПЛОМ АЛДЫ
14:40
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің игі бастамасымен Алматы қаласында имамдардың білімін жетілдіру институты ашылған болатын. Институт 2011 жылдан бері көп нәтижеге қол жеткізіп келеді. Онда діндарлар шариғаттың сан-салалы тақырыптарына негізделген арнайы дәріс тыңдайды. Сонымен қатар мұнда қазақ тілі де оқытылады. Жуырда ғана оқу ордасы ілімін шыңдаған түлектердің 20-шы тобын түлетіп, ұшырды. Асыл дініміз – Исламға қызмет етіп жүрген діндарларға диплом салтанатты түрде табыс етілді. Қасиетті Құран аяттарымен басталған игі іс-шараға арнайы келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі дипломды имамдарға өз қолымен табыстады. Жиында сөз алған институт директоры, шейх Мухаммад-Хусейн Алсабеков 39 тыңдаушының 4 айлық курсты жоғары деңгейде бітіріп шыққанын қуанышпен жеткізді. Айта кетерлігі, осы күнге дейін еліміздің әр аймағынан келген 960 тыңдаушы ұстаздардан ілім үйренді. Бас мүфти Исламда білімнің шегі жоғын айта келе, имамдардың үнемі ізденісте болу керегін тілге тиек етті. «Әрбір мамандық иесі өз саласы бойынша Ислам дініне қызмет етеді. Алла сіз бен бізге дін саласында қызмет етуді нәсіп етіпті. Сондықтан басқару жүйесі татулық пен ынтымаққа негізделген Қазақстанымыздың рухани дамуына сіздер де сапалы түрде үлес қосыңыздар. Мен осы институтты ел игілігі үшін қызмет етуі үшін арнайы ашқыздым. Оқу орынның жұмыс істеп кетуіне дейін басы-қасында болдым. Қазір де жіті назарымда. Аллаға шүкір, қазір институт 1000-ға жуық имамның білімін жетілдірді. Бұдан былай да бұл дәстүр жалғасын таба бермек. Алған дипломдарыңыз құтты болсын!» - деді салтанатты жиында Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі. Іс-шарада тыңдаушыларға дәріс берген ұстаздар арнайы алғыс хатпен марапатталды. Оны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аппарат басшысы Балғабек Мырзаев, халықаралық байланыс және хаттама бөлімінің жетекшісі Нұржан Маханов, «Иман» журналының бас редакторы Оңғар қажы Өмірбек табыстады. «Қартайдым-ау» демей білім алып жүрген Қостанай облысынан арнайы келген 65 жастағы Ғабит Кәкімжанов ақсақал Бас мүфтиге ілім алуға жақсы жағдай жасағаны үшін алғысын білдірді. Тілегін айтып, батасын берді.
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, ҚМДБ баспасөз хатшысы muftyat.kz