Жалғасы.... Сөздері салмақты екен қорғасындай, Құр сөзге құн бола ма үн қосылмай! Серпінді, зор дауысты әнге шебер, Жақсы ақын Қыдыралы-міне, осындай.
Дейді екен жеңгелері Молдабала, Кетейін сөзге жылжып жорға қара. Артына хатқа жазып сөз қалдырса, Ұмытпас халқы оны сонда ғана.
Сәлем де Керімқұлдай шешеніңе, Шежіре, әрі білгір көсеміңе. Аузына орыс-қазақ қарап тұрған, Кісі екен көрнекті де, көшелі де. Аулыңда, көке, сөздің көп күн болдым, Бір күнім татығандай неше күнге. Сары қымыз, сансыз болған зор құрметтің, Тіпті бір жете алмаймын есебіне. Сіздердің сый-сияпат, ықыласыңыз Күш беріп, ем болғандай кеселіме. Дүние бір ұзақ жолдың керуеніндей, Тоқтаусыз жүре беред көшеді де. Білтелі шамнан нәзік сорлы өмірім, Жоқ болып қалар бір күн өшеді де.
Дүниеге келіп-кетер әркім қонақ, Солардың біреуі мен-өмірі шолақ. Сырықтан қазық жасап ала алмайтын, Ұқыпсыз болмаушы ма ед кейбір олақ.
Адамның мен де сондай ұқыбы жоқ, Құр тілді санап жүрген көңіліне тоқ. Қағазға жалғыз сөзім түспеген соң, Ұмтылып қалар Сара құр аңыз боп.
Жүргендей көмекейім текке гулеп, Солды өмір шешек атып бір-ақ гүлдеп. Белгілі байлауы жоқ, матауы жоқ, Есіл сөз босқа кетті желдей улеп.
Дәм татқан қадірлі елге тартып бұйрық, Осы бір он ауыз сөз менен сыйлық. Хикая, кітап жазып бере алмадым, Әріптей болмаған соң хатқа жүйрік.
Кемді күн қызмет еттім дос-жаранға, Өнерім аз болса да мақтанарға. Мені де баламыз деп еске ал, жұрттым, Сараның айтары осы аттанарда!