Бесінші сөз
Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпей, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады. Қазақтар: «Ә, құдай, жас баладай қайғысыз қыла гөр!»-деп тілек тілегенін өзім көрдім. Онысы-жас баладан гөрі өзі есті кісі болып, ескермес нәрсені жоқсып, қайғылы кісі болғансығаны. Қайғысы не десең, мақалдарынан таңырсың әуелі-«Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Мал-адамның бауыр еті», «Малдының беті жарық, малсыздың беті-шарық», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда», «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Берген перде бұзар», «Алаған қолым-береген», «Мал тапқан ердің жазығы жоқ», «Байдан үмітсіз-құдайдан үмітсіз», «Қарның ашса, қаралы үйге шап», «Қайраңы жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без» деген осындай сөздері көп, есепсіз толып жатыр.Бұл мақалдардан не шықты? Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ, яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулайды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен...
|