«Ел аузынан» дегенде көбіне өте ертеректе өткен оқиғалар сөз болады ғой. Менің айтайын деп отырғаным-өзіміздің шалғынды ауылының тұрғындарын көрші-көлеңдер ұмытпай жүрген бір жәйіт. Ол әке қамқорлығы турасында: таяуда Сейітқамза есімді қария қайтыс болды. Балалы-шағалы, жаман өмір сүрген жоқ. Соның әкесінің оған деген сүйіспеншілігін ел ұмытпай жүр. Әкесі Айтан ауруға ілігіп, алдында кемпірі қайтыс болып, өзі «алыс жолға жүріп кетсе, әлгі баласы Сейітқамза жалғыз қалып, не күн көреді» деген ой көпті ойландырмай қоймады.
Айтан ақсақал да бұдан тысқары қалмаған шығар, өзі қатты науқас деп жүргенімізде «Ойбой! Сейітқамза үйленетін болыпты» деген хабар жетті. Әрең отырған Айтекең «айруымнан жазылдым, енді баламды үйлендіріп, келін үйдің шырайын келтірсін» деп отырмын депті.
Көппен бірге мен де бардым. Жазыла қоймаған екен. Ол кезде жаспын. Бетіне қайта-қайта қарай беремін. Сеніңкіремей отырғанымды сезді ме, немене, маған жиналғандардың менің тұсымдағы біразына қарап: «ойнаңдар, күліп-ойнап, өлеңдеріңді айтып отырыңдар. Мен науқасымнан жазылып кеткеніммен бетімдегі әжімдер бірден жоғалып, семіріп шыға келмеймін ғой,-деп кеңкілдеп күлген соң өз жөнімізге тарастық.
Үйге қайтқаннан кейін әке-шешем сұрап жатыр, жастар тойы ол кезде бөлек, үлкендерге арналған той кейінірек өтетін. Айттым:
-Онша көңілді бола қойған жоқ. Әкесінің түрі тіпті суалып қалыпты,-дедім.
Қайтсін-ай!-деді ата-анам,-өлгейі жүріп баласының қамын ойлаған ғой. Кеше жыл салған үйін былтыр ғана бітіріп еді, төрт бөлмелі үйде баласы жалғыз қалмасын деген ғой. Ақыл деген осы. Қолынан үйлендіріп, үй болып кеткенін көріп өлетін болды,-десті.
Жүректер шымырлап, сәл үнсіз қалыстық.
М.Алтыбай.
|