Ілгеріде Аралбай деген шешен өтіпті. Ол кісіні жеңем деп келген адам алғашқы сөзден-ақ тосылып, жеңіліп кете береді екен. Мұны естіп жүрген Майлықожа деген қоңқақ мұрын би бір күні «қандай шешен болсаң да, сені бір сүріндірермін» деп жолға шығыпты. Қасына бірер кісіні ерте шықса керек. ...Кешке жақын ауыл жанындағы төбенің басына шығып, жан-жағына көз жіберіп қарап отыру Аралбайдың әдеті екен. Осылай таза ауада тамашалап отырған оған Майлықожа: -Ассалаумағалайкүм,-деп алдына келе беріпті. Мұның жәй емес адам екенін сезе қойған Аралбайдың көзіне ең алдымен Майлықожаның мұрны түсіпті. -Уағалайкүмассалам, шырағым, мұрныңды әрі тартшы, тасаңдағы кісіні көрейін,-деген екен. -Уа Аралбай, мен сені қауып айтатын жаман бе десем, сөзді тауып айтатын адал екенсің ғой. Тапқырлығыңа бас идім,-деп Майлықожа алдына жығылыпты.
|