Сұрақ: Мен бармен болып бір жеке меншік түнгі клубта жұмыс істеймін. Өз жалақымды 3 ай болды алған жоқпын. Клубтың әкімшілігі, мен жалақы алмас бұрын жетіспеушілік бар жоқтығына есеп тапсыруым керек деп айтуда. Мен бұнда істегеніме бір жылдай болып қалды және менің көзімше ешқандай жетіспеушілік болған жоқ. Менің міндеттерімен есеп жүргізу кірмейді. Салық органдарына жүгіне алмаймын, себебі келісім-шарт бойынша жалақым-20 000 тенге, ал қолыма 70 000тенге аламын. Жалақыны уақытында төлемегені үшін айыппұл бар екенін естідім. Түнгі сменде не мейрам күндері менің жалақым бір болып қалады. Еңбекақымды алу үшін не істеуіме болады? Мемлекеттік органдарға, прокуратураға, қаржы полициясына не басқа органдарға жүгіне алмаймын, себебі клуб иелерінің көптеген таныстары мен көмектесетін өз адамдары баршылық.
Жауап: Жұмыс беруші жалақыны сіздің тарапыңыздан белгілі бір міндеттемені орындамауды сылтау етіп, төлемеуі заңға қайшы. Уақытында жалақыны алмағаны үшін сіз жұмыс берушіден тұрақсыздық төлемін төлеуді талап етуіңізге құқығыңыз бар. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 148 бабына сәйкес демалыс және жұмыс iстемейтiн мерекелiк күндер: кесiмдi жұмыс iстейтiндерге - екi еселенген кесiмдi бағадан кем емес; еңбегi күндiзгi және сағаттық ставкалар бойынша төленетiн қызметкерлерге - екi еселенген күндiзгi немесе сағаттық ставкадан кем емес мөлшерде; айлық жалақы алатын қызметкерлерге - егер демалыс және жұмыс iстемейтiн мерекелiк күндердегі жұмыс жұмыс уақытының айлық нормасы шегiнде жүргiзiлсе бiр еселенген күндiзгi немесе сағаттық ставкадан кем емес мөлшерде және егер жұмыс айлық нормадан артық жүргiзiлсе, екi еселенген сағаттық немесе айлық ставкадан кем емес мөлшерде төленедi. Демалыс немесе жұмыс iстемейтiн мерекелiк күндерi жұмыс iстеген қызметкердің қалауы бойынша оған демалуға басқа күн берiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда жұмыс iстемейтiн мерекелiк күн бiр еселенген мөлшерде төленедi, ал демалған күнi төленуге жатпайды.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 94 бабына сәйкес түнгі уақыттағы жұмысқа 22 сағаттан бастап таңғы 6 сағатқа дейiнгi уақыт жатады. Жұмыстың (ауысымның) ұзақтығы түнгi уақытта бiр сағатқа азайтылады. Жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгiленген қызметкерлер үшiн, сондай-ақ егер, ұжымдық шартта өзгеше көзделмесе, түнгi жұмысқа арнап алынған қызметкерлер үшiн түнгi жұмыс уақыты жұмысының (ауысымының) ұзақтығы қысқартылмайды. Содай-ақ ҚР Еңбек кодексінің 149 бабына сәйкес түнгi уақыттағы жұмыстың әрбiр сағаты қалыпты жағдайдағы жұмыспен салыстырғанда жоғары, бiрақ Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген мөлшерден төмен емес мөлшерде төленедi. Жоғарылатудың нақты мөлшерiн қызметкерлердiң кәсіподақ органының пiкiрiн, ұжымдық шартты, еңбек шартын ескере отырып, жұмыс берушi белгiлейдi. Сіздің жағдайыңызда Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментіне не прокуратураға еңбек құқықтарыңыз бұзылғаны жайында шағымдану тиімді болады. Шын мәніндегі жалақыңыздың төмендетілуі жұмыс берушінің заңға қайшы әрекет ретінде қарастырылады. Сондай-ақ сіздің сотқа арыздануға құқығыңыз бар. Сіздің жұмыс берушіңіздің органдарда байланыстардың болғанына қарамастан, сіздің тарапыңыздан белсенді әрекеттерсіз (тексеру өткізу туралы арыздар және сотқа талап-арыз) жалақыны алу мүмкін болмайды.
Юрист Адина А.
|