Қопа шешен 1806-1809 жылдар шамасында қазіргі Семей облысының Абыралы ауданында туған, қайтыс болған жылы белгісіз. Қопа Арғынның Қозған руынан. Ол байлардың, бектер мен билердің бет-жүзіне қарамай, ойындағысын айтып салатын өжет шешен болған. Бір күні Қопа қадірлі шежіреші Саққұлақ ақсақалға сәлем бере келеді. Саққұлақ оған: -Тоқта алдымен бір ауыз сөз айт, сосын үйге кір?- дегенде Қопа:Сөз сұрасаң Қопадан, Тартысты жерден тартынбан, Емен, ағаш, бәйтерек- Бұтағым көкке шарпылған. Керегің болса сұрап қал, Тіршілікте мына мен тұрған. Қадірін білмей айырылма, Қолыңдағы алтыннан.
-депті. Сонда Саққұлақ тағы да: -Сенің атыңды Қопа қойғаны несі? Қозған руында ұры көп болып еді, олар саған келіп паналады ма әлде?-деген сұрақ береді. -Атымның Қопа екені рас, Қозғанымда ұрының көп екені де рас, бірақ маған паналауға келгендерді саққұлақ иттер арсылдап қуып шыға береді,-деп Қопа Саққұлақтың бетіне қарайды.Сөзден ұтылған Саққұлақ: -Қопеке, енді демалыңыз,-депті сасқанынан.
|