«Мұхамади» мешітінің көп жердегідей тәрбие бермейтін кезі жоқ. Мұны оқыста да аңғарып отырамын. Намаздан кейін оны-мұны шаруалармен асығып кабинетімнен шығып, төменге түсіп едім, сол жақтағы орындықтардың бірінде Бисара апайымыз отыр. Кісі аяғы сирек кезде неге былай жайғасқанын білмекке құмарттым. Әмбе өз-өзінен жымыңдағандай қалыпта... -Әй, Ибрагим қажы балам, мына кемпірдің есі ауысқан ба деп қалып жүрме. Бір үш минөтке қасыма келіп отыршы. Жалғыз өзім неге жымыңдап отырғанымды айтайын,-деді. Мен тыңдауға ыңғайлы ниетімді білдіргенде айтқаны: «Кеше қызық болды,-деп бастады әңгімесін,-далада қыдырыстап үйге кірсем, келінім Назира қолында бір әдемі кеудешесі бар маған тұра ұмтылды, мынаны не істеймін, шеше, бір-ақ рет кидім, текке тозады ғой дейді. Қойшы, ұзақ толғанып базарға апарып сатып жібердік. Сонда жол бойы келінімнің мыйымды шаққаны-ай. Ана сатып алған кісіге сіз киілген жоқ дедіңіз ғой, мен бірер рет кидім ғой, өзі өлшегенде жоқ, үйіне барып кисе, дәл келмесе қайтеді деп есімді шығарды. Соған кешеден бері күліп жүрмін: Ол сауда-саттыққа тәжірибелі әйел ұнамаса ала ма, келінім дәл келсе екен деп қоймайды. -Келініңіз тәрбиелі жерден шыққан екен. Қуана беріңіз,-дедім мен. Апамыздың жадыраңқы қуанышының қуаты маған да тигендей бір түрлі сергек тарттым. Сіздер не дейсіздер.
Ибрагим қажы Қарнақбайұлы
|