Тағы да сол Қаратай елінің бір жігіті жолаушылап келе жатып, берірек өзен бойында отыратын «Мысқал» деп аталатын рудың бір үйіне түсіпті. Сәлем беріп кіріп келген жас жігітке төр алдында отырған бір шүйкедей қария:
-Балам қай ел боласың!-депті.
-Мына Бұқтырма бойындағы ер Қаратаймын,-депті жігіт.
-Менің бала күнімде Қаратай едіңдер, әлі тай екенсіңдер, құнан шығатын күндерің бола ма?-депті қария мысқылдап.
-Я, ақсақал, ол кезде сіз өзіңіз де мысқал едіңіз, әлі ештеңе қоспапсыз, сіздер қадаққа толғанша, тай да ат шығатын шығар,-депті жолаушы,
Жігіт сусын жұтып, аттанып кеткенше, сөзден ұтылған қария ештеңе демепті.