Замана
Уа, замана, дауылсың,
Қыдыра көшкен ауылсың.
Тоқым салмай, жайдақтап
Әркім мінген жауырсың!
Уа, замана, бөрісің,
Кедейдің шықпас төрісің.
Ата-бала тартысқан
Қызықты көкпар терісің!
Уа, замана, ескісің,
Ертеңгі білмес кешкісін.
Кедейлердің өткіздің
Шегене айдап ешкісін...
Уа, замана, қырланған,
Аунаған жерің сырланған.
Не төбелер бос қалып,
Не ерлер келіп құрланған.
Басы бүрлі бәйтерек-
Бұлтқа жетіп ырғалған,
Жеткен күні бір ажал
Ара салып түбінен,
Жермен-жексен бір қылған!