Бір жыл яки одан да артық уақыт өткен соң қайтыс болған адамға арнап «сауын айтып», ас беріледі. Астың көлемі қайтыс болған адамның әл-ауқат күйі мен жұрт ішіндегі беделіне қарай болады. Асқа шақырылған жұрт жиналып, ас басталғанда тұлданған ат ас берген үйдің алдына әкелінеді. Ас берілген адамның әйелі мен балалары жоқтау айтып, атқа қоштасады. Бұл ат асқа сойылады, осы атқа қосылып, басқа да мал сойылады. Азалы ту жығылып, сабы сындырылады. Асқа жиналған жұрт күтіледі. Ас аяқтаған күні әйелінің жамылған қарасы мен ақ бүркейі алынады. Қаралы үйдің жүгіне жайылған сеп (қайтыс болған адамның киім-кешегі) жиналады, сонымен ас аяқталады. Ұлы дүбірлі үлкен астарда асты аяқтайтын күні ат бәйгесі және палуан күресі өткізіледі. Бәйге шапқан ат келіп, жүлдесін алған соң, ас тарқайды. Ас тарқаған соң асқа сойылған тұлданған аттың басы, төрт тұяғы және терісі иесінің моласына апарылып қойылады. Міне, бұлар бұрынғы заманда қайтыс болған адамның тірісінде ұстаған найза, қылыш, садақ, киім-кешегін және мінген атын бірге жерлеу салтының ислам дініне бейімделіп өзгеруі еді.
|