Шөже ақын Алтай еліне барып, өлең айтып, мал-дүние алып жүріп «осы өңірде бір таз бала ақын бар, өзі кедей, байдың қойын бағады, әкесі ақсақ, шешесі соқыр, өзі жаннан жеңілмейді, әрі ақын әрі шешен екен» дегенді естиді. Жанында жетекші жолдасы бар екеуі сол баланы іздеп барады. Бұлар келген кезде бала өрісте қойда екен. Елге тоқтамастан қой ішіндегі балаға барып кездескен жерде Шөже баланың бар кемдігін айтады: Басында таз тақияң кішкене екен, Қолы сыңғыр бір пәле пішкен екен, Әкең ақсақ болғанда, шешең соқыр Құдайың қыр соңына түскен екен,- деп бастырмалатады. Сонда бала: Іліп-шалып қалайық әзіл сөзбен Өлсек орап қояды мата бөзбен Алтайға аласұрып кеп қапсыңдар Не таптың екеуара жалғыз көзбен,- деп іле жауап беріпті. Шөже сасқанынан жанындағы жолдасына «ойбай, сенің де бір көзің жоқ екен ғой» деп баланың аулына түспестен жүріп кетіпті.
|