Қадірменді оқырмандар, бірсыпыра дәрігерлік және басқа да кеңестер түрлі баспасөз беттерінен алынғанын жасырудың қажеті жоқ. Күдіктенген жайларыңызды сала мамандарынан сұрап білген артық емес. Ал енді тамақ ішу жайлы оқып көріңіз. Сымбатты мүсінің бұзбай аздап болсын арығысы келетіндерге айтылатын ақыл-кеңесте шек жоқ. Қазіргі уақытта білгірлердің, диетолог-дәрігерлердің ақыл-кеңестерінің қымбатшылық кезде артық та болып көрінуі мүмкін. Дегенмен... Ең әуелі есте ұстайтын қарапайым бір ереже-түрегеп тұрып тамақ жемеу керек екен. Халқымыздың қағидасында түрегеп тұрып, жүріп келе жатып тамақ жеу ерсі саналады. Көшелерде мұндай қағидаларды елемейтіндердің етжеңді адамдар екенін аңғарған шығарсыз. Ортақ табақтан салып алған сыбаға-үлесіңізге үстеме қоспауды ережеге айналдыру керек. Дүкеннен, базардан азық-түлік, тамақ сатып алуға тойынып алып шығу керек. Сейілдеуге де тамақтанып алып шыққан жақсы, мұндайда таңертеңгі ашқарынға сейілдегеннен гөрі көбірек калорий жұмсалады. Тамақ ішіп отырғанда шанышқы не қасықты әрбір пайдаланғанан кейін аралықта қолға ұстап отырмай қойып қоюға дағдалану керек. Тәбетті басып, тамақты азырақ жеудің бұл да бір амалы. Бір жолға қанша керек болса, сонша тамақ дайындау керек. Уақыт үнемдеп екі күнге дайындағандай болсаңыз, артығын ізінше тоңазытқышқа не басқадай орынға жалғастыру керек болады. Тамақ ішкенде асығып-аптықпай, шағындап, жайлап жұтып, тамақтанғаннан соң дастархан басында ең болмағанда 15 минөттей тоғыңызды басып барып түрегеліңіз, сонда көпке дейін өзіңізді тоқ сезінесіз. Қантын көбірек салып кофе ішетін әдетіңіз болса, қант орнына кофені алмамен ішіп үйреніңіз.
|