Қажылық – Ислам дінінің ұстыны болған бес парызының бірі. Әлеуметтің жағдайы келген мұсылман өмірінде бір рет қажылық амалын орындауы-парыз. (әл-хәжж) сөзінің тілдік мағынасы: мақсат, ниет ету болса, шарғи мағынасы: құлшылық ету ниетімен Меккедегі Қағбаны зиярат етіп, Аллаһ Тағала орындауын талап еткен амалдарды орындау. Шариғатта қажылықтың екі түрі белгіленген. 1(әл-хәжж) парыз немесе үлкен қажылық. Қажылықтың бұл түрі Құрбан айт уақытында, яғни Зүл-Хижжә айының 8, 9, 10 жұлдызында орындалады. 2 (әл-ъумра)-ғұмра немесе кіші қажылық. Ғұмра Зүл-Хижжә айының 8, 9, 10нан басқа уақыттарда орындала береді. Жоғарыда айтылғандай жағдайы келген мұсылманның өмірінде бір рет қажылық амалын орындау парыз болса, шамасы келген жағдайда тағы қажылыққа бару-мустахаб болады. Яғни, барса-сауап, бармаса-күнәхар емес. Қажылық-Аллаһ Тағаланың разылығы мен жеке бас қамы үшін орындалатын амал. Сондықтан, қажылыққа барған адам: «Қажылыққа бардым, іс бітті»,-емес, үнемі: «Қажылығым қабыл болса екен. Қажылыққа барып алған сауабымды Аллаһ Тағаланың әміріне қарсы келіп, жойып алмасам болар еді»,-деген ойда болғаны абзал. Адамдардың арасында: «Түркістан-екінші Мекке. Түркістанға жеті рет бару-бір рет қажылыққа барғанмен тең»,-деген сөз бар. Алайда, діндердің ішінде Исламға тең келетін дін болмағанындай, жер бетінде мұсылмандардың қыбласы болған Мекке мен ондағы «Бәйтүл-Харам» (сөзбе-сөз: Қасиетті үй) тең келетін орын жоқ. Мұсылман намазын оқыған уақытта Аллаһ Тағаланың әміріне сәйкес жүзін «Бәйтүл-Харамда» (Мекке мешітінде) орналасқан Қағбаға бұруы шарт. Арабтар төрт бұрышты үйді «қағба» деп айтады. Бәйтүл-Харамның ортасында орналасқан төрт бұрышты құрылыстың «қағба» деп аталуы осы себептен. Бәйтүл-Харамды «мәсжидүл-Харам» деп те атайды. «Харам» сөзінің өзі араб тілінде «тыйым салынған» және «қасиетті» деген мағыналарды білдіреді. Мекке мешітінде жыбырлаған жәндікті өлтіруге тыйым салынғандықтан «мәсжидүл-Харам» (Қасиетті немесе кез келген жан иесін өлтіруге тыйым салынған мешіт) деп аталады.
|