Қан сонарда екі-үш кісі бір қасқыр соғып алады да, бұл қайсымызға лайық деп кеңеседі. Аңшылардың бірі молда екен, ол молдалығын бетке ұстап қасқыр маған тиісті деп өзеуреп болмайды. Өгелері лажсыз көнеді:-Жарайды, молдеке, сізге байлайық!-дейді. Сол кезде көлденең көк атты біреу келеді де, қасқырды іліп ала жөнеледі.-Ау, жолың болғыр, менің байланған қасқырымда нең бар?-деп молда айқай салып қуады. Сонда көк атты:- Бұл қасқыр былтыр менің құла биемнің құлынын жеп кеткен құныкер қасқыр!-деп кете береді. Молданың аузы аңқиып қала береді.
Аңқау мерген
Аңқау мергеннен біреу әдейі:-Мылтық атарда сенің бір көзіңді жұмып алатын себебің не?-деп сұрапты. Мерген:-Е, екі көзімді бірдей жұмсам, аңды көре алмаймын ғой!-деп жауап беріпті.(Қазақтың күлдіргі-сықақ әңгімелерінен)
|