Баланың анық сөйлеуі үшін түрлі жаттығулар жасау керек. Мысалы, мен алдымен келген балаларға таңдайын тақылдатып, жаттығу жасатамын. Кейбір ата-аналар бала таңдайын тақылдата бастаса тыйып тастайды ғой. Ол дұрыс емес. Содан кейін балаларға дауыссыз дыбыстарды көбірек жаттату керек. Араның ызыңын, желдің гуілін, қойдың маңырағанын салып үйретсе, ол да баланың тез сөйлеп кетуіне мүмкіндік береді. Эльмира Абдухалилова невролог-дәрігер:-Баланың сөйлей алмауының түрлі себептері болуы мүмкін. Оны анықтау үшін анасы емханаға апарып, невропатолог, психолог, логопед дәрігерлерге көрсеткені дұрыс. Кейде эндокринологиялық аурулардың салдарынан да бала сөйлей алмай қалуы мүмкін. Сондықтан эндокринолог-дәрігерге де көрсетіп алған жөн. Дәрігерлер баланың денсаулығын қарап, сөйлей алмауының себебін анықтаған соң оны емдеуге кіріседі. Ем алумен қатар баламен міндетті түрде логопед пен психолог жұмыс істеуі керек. Ата-ана да баламен көп жұмыс істеуге тиіс. Онымен үнемі сөйлесіп, әр әріпті дұрыс айтуын қадағалау керек. Мамандар осы кеңестерге құлақ асып, дәрігерлер айтқанын тыңғылықты орындаса балалардың сөйлеп кетуіне мүмкіндік бар дейді.
|