Темекі тартудың адамның өзіне де, оның төңірегіндегілерге де зиянды екенін қазір жұрттың бәрі біледі. Алайда бұл зиянды әдетті қойып кетудің де оңай емес екені белгілі. Дүние жүзінде темекі тартуға қарсы күресті алғаш бастаған елдердің бірі Финляндия болатын. Тіпті осы елдің өзінде күн сайын бір миллионға жуық адам темекі сатып алады, яғни әрбір үшінші еркек пен әрбір бесінші әйел темекі тартады.
Кейінгі уақытта бұл елде темекі тартатындардың өз денсаулығын сақтап қоймай, Гавайя аралдарына тегін он күн саяхаттап қайтатындай да мүмкіндігі пайда болды. «Темекі тартуды ада-күде қойдым әрі ұтысым да бар» деген атпен өтетін конкурста жеңіп шыққан адамға ілгерідегідей жүлде берілетін болды. Бұл туралы Хельсинкиде шығып тұратын «Хювюдстадсбладет» газеті хабарлады.
|