Үлкенді-кішілі қызмет қамымен жақын жатқан елді мекендердің бірінен жаңа ұзағанымда жол шетінде тұрған бір жігіт ағасы «мені де ала кетіңізші» дегендей қолын көтерді. Жеңіл мәшинемнің есігін ашып қасыма отырғызғанда Өскеменге бет алғанымызды тағы бір пысықтады. Адамды жатырқамайтын жан екен. Тым-тырыс, қабақ түйіп отырмай, өзінің шаруа жайынан хабардар етіп жатты. Өзінде де мәшине бар екен, соған бір қажетті бөлшектерді қаладан таппақшы: күнде шыға бере алмайтын көрінеді, шаруа қожалығында әр алуан жұмыстар істейді екен, бастықтары-өздерінің ауылдас жолдас-жоралары сияқты, бұрын кеңшарда бригадир болып істепті, өнерлі жігіт көрінеді...
Неше түрлі қызметтерге шақырды, ұзап шыққысы келмейді, сұрасаң : «сол өзім үйренген жұмысымды істеймін» дейді де қояды,-деп бір тынды да, неге екені белгісіз күліп жіберді. Кішігірім бір ауылдың қасынан өтіп бара жатыр едік, бір «әгірөттің шарбағын жөндеп жүрген біреуді көрсетіп: «Мінеу, анау «қасқаның» бармаған жері жоқ, мол ақша табам деп Магадан дей ме, Омбы, анау Өзбекстан, Тәжікстан жақтың бәрін шарлап шықты, үй ішінің берекесін кетіріп, әлекке түсірді. Сондай «әңгүдіктерге» құдай жақсы әйел береді екен, келіншегі болмаса, мүлде еңселері түсер еді үй іштерінің, бұл ауыл біздің шаруашылықтың жерінде, бәрін жақсы білемін. Білмейтінім-басында әжептәуір мыйлары бар осындай жігіттер неге ойсыз қадамдар жасайды? Тапқан көп ақшасы қайда кеткенін айтса да түсіну қиын. Жолда ұрлатып алдым дейді. Онда неге поштаны пайдаланбады, түсініксіз. Азып-тозып, шаршап-шалдыққан кісіден не сұрайсың?» деп маған қарады. Менің пікірімді естігісі келіп отырғаның әрі мені сырттай таныған сезіп пікірімді айттым.
-«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім бес нәрсені құрметтемесе, бес нәрседен құр қалады» деген ғой. Соның бірі: «Кім өзінің жанұясы құрметтемесе, тыныш өмірден құр қалады» деген. Ережеп, Шағбан, Рамазан айларында осы төңіректе де мол мағлұматтар беріледі. Назар салып жүріңіздер»,-дедім.
Ол біраз үнсіз қалды... Қалада екеуіміз бір-ірімізді бұрыннан танып, аралас-құралас жүргендей-ақ жылы хоштастық. Хоштасарда:
-Ағай, менің атым Құрманбек,-деді. Неге айтқанын сұрамадым. Ізгілік жолында жүрген жандардың бойындағы жылу-жақсылық көп қой. Несіне сұрайын?..
Ибрагим қажы Қарнақбайұлы,
Мұхамади атындағы Өскемен қалалық мешітінің бас имамы
|