Қаладағы үйдің бесінші қабатына баяғыда ауылда көзіміз үйренген «ДТ-54» тракторы еніп кеткендей қатты дүріл естілгенде өзім де «свежий газбен» (таза ауа дегенім ғой) сыртта серуендеуге дайын тұр едім, шыға келдім. Шықсам, қарсымда тұратын ақ пейіл орыс жігіті Коля алдымнан көрініп жайраңдап амандасты. Дүрілдеткен ол емес, төмендегілердің біреуі екен. Бірақ, Колямның есік тұсы да сары жағал тартып, шатырдан ептеп аққан жаңбыр суынан шайылып қалыпты. «Қолыңда күш бар, шатырға шығар есіктегі тесікті бекіте салмайсың ба, өзіңнің пәтерің ғой, қабырғасы салтақтанып құлайды ғой»,-дедім. «Құласа құлай берсін, құлағанда бірақ жөндеп аламын» деп көршім езу тартқан күйі төменге сып ете түсті. Бұл дабырды естіген ұлым соңымнан шығып, «ақылын» айтты: «Онда нең бар, әке? Құлағанда жөндеп алады»-деді. Шынында осы жастардікі дұрыс па деген күдікпен жұмған аузымды ашқаным жоқ. Алайда өмірлік бай тәжірибе түйсікгіңді молайтатынына көзім тағы бір жетті: Біраз уақыттан соң алғаш ойлағанымдай көрші пәтерінің бергі қабырғасының сыртқы бояуына қоса жапсырмалары түгел құлап түсіпті. Дегенмен Колямыз, бір жыл өтті, жөндеген жоқ. Үйден шыққан сайын салтақтанған қабырғаға қарап, қарап тұрып ашуың қозады екен. Әлде менің жүйке тамырым жұқарды ма, сіз қалай ойлайсыз?-деді көрші қария. Мен не дейін? Ештеңе дегенім жоқ. Сіздер қалай ойлайсыздар, оқырмандар? Бірдеңе деңіздер, жұбатып...
М. Төктебайұлы
|