Қазақтардың сүйекті жерлеу дәстүрі ислам шариғаты бойынша болады. Адам қайтыс болған соң иегін таңып, бетін құбылаға қаратып жатқызып, бетіне таза бүркеншік жауып, айналасын шымылдықпен қоршап, оңаша жатқызады. Туыс-туғандары жұртқа хабар айтады. Дағдысында сүйек сол үйде бір күн яғни үш күн түнейді. Бұл күндері жақын туыстары шырақ жағып, жанында күзетіп отырады. Жаназаға жиналған жұрт осы үйге кіріп, сүйекпен қоштасып, туыстарына көңіл айтады. Одан соң сүйекті арулап жуып, «ақырет кебін» деп аталатын ақ пұлға орап, «дәуір» жүргізіп, «ысқат» шығарады. Бірнеше мал ала жіппен байланып, сол үйдің есігінің алдына әкеліп, дәуір жүргізуші адам мал байланған жіпті ұстап: «бұл адамның бір жылдық өтелмеген ораза, намаз, тағы басқа парыз-қарыздары үшін» өліктің төрт жағында отырған моллаға ұстатады, молла «қабыл алдым» жеп жіпті алып, қайта береді. Бұл адам қанша жасқа келген болса, сонша рет осылай істеледі. Ал балағатқа келмеген жас бала қайтыс болса, оған дәуір жүргізілмейді. Бұл мал дәуір жүргізген моллалар мен кәріп-кәсірлерге садақа беріледі. Одан соң өлік үйден шығарылып, жаназа оқылады. Жаназадан кейін өліктің баласы, яки туысы жұртшылықтан «марқұм қандай адам еді?» деп сұрайды. Көпшілік бірауыздан «Марқұм ізгі адам еді, иманы сәлемет болсын, жаны жаннатта, топырағы торқа болсын!» деп жауап береді. Жаназадан соң сүйек қазылған қабыр басына апарылады. Егер сүйек жерленетін жер алыс болса, сүйекті түйеге артып, бетіне кілем жауып апарады. Жер жағдайына қарай қабыр екі түрі-«тік ақым» және «жан ақым» болып қазылады. Сүйек басы оңтүстікке, аяғы солтүстікке, беті құбылаға (Мекедегі Байтолланың тұрған жағына) қаратылып шалқасынан жерленеді. Сүйек қабырға енгізерде қабыр басына барғандардың бәрі оның үстіне бір шымшымнан топырақ салады, содан кейін сүйек қабырға қойылып, беті жабылады. Қазақтың жерлеу дәстүрлеріне ерте кездегі шаманизмнен қалған салттар да араласып отырады. Бірақ бұлар кейін келе ислам қағидасымен тоғысып кеткен. Ерте заманда қазақтар сүйек қойылған үйдің босағасына ала жіппен жетектеп жеті яки тоғыз жылқы немесе басқа мал әкеліп, ырымын істеп болған соң мола басына апарып құрбандыққа сойған, қайтыс болған адамның жақсы көретін атын сойып, басын моллаға қойған. Сонымен бірге найза, садақ, қылыш, ер-тұрман, ыдыс-аяқ, тамақ сияқты жарақ-жабдықтарды сүйекпен жерлеген. Олар: адам өлгеннен кейін ол дүниеге барып қайта өмір сүреді деп таныған. Ислам шариғаты бойынша, өлікпен бірге ақырет кебіннен басқа нәрсе қоюға болмайды. Ислам дініне енген соң, бұрынғы мола басына апарып құрбан ететін ала жіпке байлаған малды жаназа-ысқат шығарған молдалар мен кәріп кәсірлерге садақа беретін болған. Сүйек жерленгеннен кейін жетінші күні «жетісі» беріледі. Бұл күні сүйекті жуған адамдарға киім және киімдік кездеме таратылып беріледі. Қырық күн өткен соң «қырқы» өткізіледі. Бір жыл толғанда «жылы» беріледі.
|