Қазақ халқы тарихтан бері өте меймандос халық. Қазақтар үйіне келген әр қандай мейманды (оның қайсы ұлт болуына қарамай) таныса да, танымаса да жылы шыраймен құшақ жая қарсы алып, сыйлап күтеді. Өзінің ең аяулы асын қонақасыға береді. «Қонақсы-қазақтың бөлінбеген еншісі» есептеледі. Тек мейманның өзін ғана емес, оның ат-көлігін де күтіп, аттанарда аман-есен қолына тапсырады. Бұл үшін мейманнан ешқандай ақы алмайды, алуды намыс деп біледі. «Егер қоналқы жердің бәрінде қазақ болса, бір уыс азық, бір тиын қаражат алмай жылдық жолға жолаушы жүруге болар еді» деген тәмсіл осыдан шыққан. Қонақ келсе «қой сойып, қол қусыру»-қазақтар үшін аса абыройлы іс және жалтартпайтын міндет. Өте қадірлі қонақтарға тай сойып, қонақасы беріп аттандырады. Сойылатын малды асаба алдымен қонақтар отырған үйдің босағасына әкеліп бата тілейді. Қонақтар бата жасаған соң мал сойылып, ет асылады. Ет піскенше меймандарға кең дастархан жайылып, дастарханға құрт, ірімшік, бауырсақ, жент, сарымай қойылып, қаймақтаған шай құйылады, шайдан соң жаздыгүні болса қымыз, қыстыгүні болса езген құрт беріледі. Осы мезгілде әдетте үй иесі жағынан домбыра шертіліп, күй тартылып, ән айтылады. Бұл «ауылдың алты аузы» деп айтылады. Одан соң кезек меймандарға келеді, меймандардың ән шырқап, қиса-дастан, яқи ертегі айтуы керек. Егер айта алмаса, түрлі әзіл-қалжылдар істеледі. Ет піскен соң қолға су құйылып, ет тарылады. Қонақтың алдына сойылған қойдың басы, жамбасы, сүбесі тағы басқа жіліктерден жасалған табақ тартылады. Қонақтардың ең сыйлыса бастың оң езуінен бір кесіп жеп, оң құлағын кесіп табаққа қойып, басты үй иесіне қос-қолдап қайтарады. Бұл асабының құрметіне білдірген разылық есептеледі, одан кейін табақтағы етті кесіп деуге кіріседі. Табақты тауыса жемесе, үй иесінің көңілі көншімейді. Мейман күтуде малдың он екі жілігінің өз алдына мәртебесі бар. Жасы үлкен сыйлы қонақтарға бас пен жамбас, күйеу мен келінге асықты жілік пен төс тартылады. Балаларға тіл, құлақ, бүйрек, жүрек беріледі. Тамақ жеп болған соң бата тілейді, қонақтардың қолына су құйылады. Міне, мейман күтудің дағдылы дәстүрі осы.
Н. Мыңжан
|