Жұмыстан кешігіңкіреп келіп едім, зайыбым есік алдынан аса бір сыпайы ибалық көрсетіп қарсы алды. Бұған не болды деп, бетіне таң қала қарадым. Өйткені, жастықтың майдандарын ұмыта алмай, қарттықтың алғашқы қадамына мойынсынбай жүрген кезде кемістіктер толып жатады ғой. Соны түзетемін дейме, күндіз-түні аңдығаны-мен... Осы жолы «қайда жүрсің?»-деп тұра сұрақтың астына алғанның орнына тым ибалы. Апыр-ау, мынаған не болды? Алматы қыздар институтын бітірген тегінде. Алған білімінің пайдасы енді шықты ма, бойынан... Сөйтсем, пәлесі дайын боп шықты: «Немене! Бойжеткен қызыңнан құтыла алмай жүр ме едің? Келді әне! Әке-шешесі. Құдайың берді, бірақ олармен бірген таң сарғайғанша ішіп отырма, білдің бе,-деп қатты сыбырлады,-әлде өзі баламыз жас, қоя тұрайық дейміз бе? Тіпті әкесінің пошымы кісі шошырлық, шешесі үйдің әр бұрышына алақ-бұлақ қарап отыр... Әке-шешесіне тартпайтын бала бола ма? Өмір бақи бақытсыз қылып бағын байлаймыз ба?» Болашақ күйеу бала жұмыс істейтін, сыпайы жігіт көрінген. Ана жолы құдаласудың жолын білмеді ме, әлде қалай қызылды-жасылды киінген бір қыз-жігіттерді әкеп, құдаласудың ырымын жасағанда, мен бұларың болмас, күйеу баланың әке-шешесімен сөйлесейік дегенмін. Енді бар пәле маған қалып тұр. Құдамыз шынында бір әпербақандау болып шықты. Біздің көзімізді ала бере үстелдің үстінде тұрған шөлмектегі жынды судан қырлы стақанмен біреуін тартып жібергенде зайыбым былай тұрсын, өзімнің мыйым төбемнен шығып кете жаздады. Зайыбым да көріп қойған екен, мені ас үйге шақырып алып ал қина: «Ал! Қызыңнан құтыл енді! Бар пәле сенен! Әке-шешесін сырттай бір көріп алу керек еді! Кел дедің келді! Бірдеңе де! Енді оларды мас қылып есіктен сүйреп шығарасың ба?! Біздің, шындығында әйелімнің ысылдаған үнін естіді ме, әлде «қулықтары» бізден гөрі көп пе, кім білсін, қонақ бөлмеден өтірік жөткірінген құдалардың дауыстары шықты. Әйелі: «Е, қыздарынан құтыла алмай жүрген ешкім жоқ қой, жауап беру де қиын екенін білемін! Бірақ, сондай асығыс едік»,-деді тепсініп. Менің зайыбым да қарсы жауап беріп, у-шу шығаруға дайын болатын. Қысталаңда маған жауап беруге тура келді. Қонақ бөлмеге кірген соң, әйеліммен ақылдаспай-ақ соғып қалдым: «Ал, құда, алып қой мына дәмнен!-дедім тырнағының асты көкпеңбек кір «құдам» да өзім де арақ іштік,-бала мен бала келіссе, олардың жолына кесе көлденең тұру әпербақандық емес пе?» Олар қарқ болды. Олар кеткен соң, менің зәрем ұшты: зайыбым олардың киген киімдері, саталақ түрлеріне дейін жамандап ес-ақылымды шығарды. Мен айттым:«оларға сен тұрмысқа шыққалы жатқан жоқсың ғой. Босқа көкіме! Күйеусіз күйі кетіп, боянып-таранып үйде қартайса қайтесің?»,-дедім. Неғып мұндай сөздер аузымнан шыққанын өзім де білмеймін... Қызым енді: «сен, папа, маладес» екенсің дейді. Әйелім: «сенің мыйың күшті»,-дейді. Қызым күйеу баламмен жап-жақсы тұрып жатыр. Екі жиен немерем бар,-деді Биғали қария ақыл сұрай келген тұстасы, жасы бұдан төрт жастай кіші Сәттібай қартқа. Биғалидың айырықша ескерткені, әрі дүдамалданғаны мынау еді:-Балалармен есептесу керек. Ей, Сәттібай, осы шынында әйелдердің мыйы, әсіресе, кемпірлердің мыйы шалдардан кемірек пе деп қалдым. Сен не не дейсің бұған?»-деді. Анау жымиып: -Онда нең бар? Өзіңнің мыйың күшті болса, болды емес пе? Басты текке қатырма!-деді. Сіздер не дейсіздер?
М.Төктебайұлы
|