Қазақ халқы арасында өмір сүрген некенің негізгі формасы дара неке (моногамия) болды. Қазақтар неке жөнінде ертеден келе жатқан салт-сана бойынша бір ру өз ішінен қыз алыспайды, тіпті алысқан күнде бұлар жеті атадан артқан болуы, бұлардың қоныстарының арасында жеті өзен болуы шарт. Қазақтың байырғы шежірелік дәстүрі бойынша жеті атадан тараған ұрпақ бір ата, он үш атадан асқанда бір ру есептеледі. Сондықтан жеті атаның ішіндегі ұрпақ туыс саналады. Ал қоныстардың арасында жеті өзен болуы керек дейтіні, емшектегі баласын үйіне тастап ауыл қыдырған қазақ әйелдері омырауы сыздағанда бірінің баласын бірі емізе береді. Қазақ салтында бір ананың сүтін емген екі бала туыс болып есептеледі. Егер олардың араларында жеті өзен болса, баласын үйге тастап, жеті өзеннен өтіп қыдыруы мүмкін емес, мұндайда емшек сүті араласпайды дегенді негіз етеді. Жеті атадан асып, өзара қыз алысуға тура келгенде құдасушылар сол рудың беделді адамдарын шақырып, мал атап сойып, жол-жора беріп ризалық алу керек. Қазақ қоғамында өмір сүрген негізгі салттың бірі-«қалыңмал». Қалыңмалдың мөлшері құдасушылардың орын-мәртебе, дәулеті мен әл-ауқат күйіне қарай әркелкі болып отырады. Әдеттегі жоғары қалыңмал жетпіс жеті байтал болды. Ал ақсүйек хан-сұлтандар мен ірі байлардың арасында, қалыңмал мөлшері 100 тайлақ (500 байтал), 200 байтал немесе 1000 қой сомасына дейін барған. Бұл ілуде бір кездесетін некен-саяқ жағдай болған. Күйеу жақ қалыңмалдың сыртында қыздың әке-шешелеріне «ілу», «сұтақы», «қоймал» береді. Туыстарына киіт кигізеді, кәде береді. Қыздың ата-аналары алған қалыңмалдың мөлшеріне қарай жасау жасайды, қызға арнап жаңа отау көтереді, ат міндіріп, түйе арттырады, күйеудің ата-аналары мен туыстарына киіт кигізеді. Қыздың киім-кешек, үй-мүкәмдарының әр қайсысы бестен, жетіден, тоғыздан жасалады, 100 тайлақ яки 200 байтал қалың мал алған ірі феодалдардың бес үй тігіп, қырық түйе арттырып, жеті ат мінгізіп, жиырма бестен жасау жасап, қыз ұзатқандары да болды. Мұндай жағдайда қызға берілген жасау алған қалыңмалдан артып кетіп отырды. Әл-ауқаты төмен кедейлер арасында қалыңмал алыспайтын, «қарсы құдалық» салты өмір сүрді (мұнда өз қызын қарсы жақтың ұлына беріп, оның қызын өз ұлына әпереді). Қалың беріп үйленуге шамасы жетпеген кедей адамдарға ағайын-туғандары және руластары көмектесетін салттар да өмір сүрді. Феодал-шонжарлардың жоғары топтары арасында көп әйел алушылық (полигамия) салты да болды. Олар «бір еркектің төрт әйел алуына болады» дейтін ислам шариғатын негіз етті. Қазақтың байырғы салтында некенің өмірлік болуы баса дәріптеледі. Некеден ажырасу «Сұмдық іс» есептеледі. Сондықтан қазақ арасында некеден ажырасу өте сирек. Қазақтың отбасы, неке салтында сақталған ескі ғұрыптардың бір түрі «әмеңгерлік». Бұл ғұрып бойынша ері қайтыс болған жас әйел ерге тиюді тілесе, қайтыс болған ерінің інісіне, яки ағасына не болмаса жақын туыстарының біріне тиюі тиіс. Мұндай туыстар болмаса, яки әйел олардың ешбіріне қаламаса, онда қайтыс болған ерінің руы ішіне біреуді таңдауға тиіс. Бұл жөнінде: «Ерден кетсе де елден кетпейді» деген ереже бар. Ол әйелдің рудан таңдаған адамы оны алудан бас тартқанда ғана оның өз еркімен кетуіне жол беріледі. Қазақ отбасында әйел ерге бағынды, әке билігі тежеусіз болды. Балалардың әкенің бетінен алуына, ата-анаға құрмет етпеуіне қатал тыйым салынды. Әке өзі билеп-төстеп қыздарын ұзататын, ұлдарын үйлендіретін. Үйленген ұлдарын өзі біліп енші беріп шығарып отырды. Ең соңында кенже баласы шаңырақ иесі болып, әкесіне мұрагерлік етті. Әйелдің отбасында мүлікті құқы болмады, тек ері қайтыс болған әйел ғана баласы ер жеткенше отбасы мүлкін биледі. Ерлі-зайыптылар некеден ажыраса, бала әкеге тән болады. Ері әйелді тастаса, әйел ұзатылып келгендегі артқан түйе, мінген ат, жасау-жабдығын алып кетеді. Ал ерден шығуды әйел талап етсе, онда қара басы ғана босайды. Қазақ салты бойынша енші ұл балаларға бөлінеді. Қыз балаларға ұзатылғанда берілген ат, түйе, жасау-жабдықтан тыс арнаулы енші бөлінбейді. Ұзатылған қыз бірнеше жыл өткен соң (балалы болған соң) ата-анасының үйіне төркіндеп келеді. Осы жолы әкесі (төркіндеу жолы) белгілі мал-мүлік беріп қайтарады. Бұл іс жүзінде берілген енші. Нағашыларының жиендеріне беретін «қырық серкеш», «жиенқұрық» дейтін жол-жорасы да жоғарыдағының қатарына кіреді. Ері өлген әйелге ерінен қалған мүліктің алтыдан бірі яки сегізден бірі беріледі. Жесір қалған әйелі екі-үшеу болса да осы үлесті бөлісіп алады. Ұзатылмаған қыз әрқашан шешесімен бірге кетеді. Қазақ салтында бала асырап алу кең өріс алды. Асырап алған баланы үйлендіреді, енші береді, «асыранды» деп айтуға, кемсітуге қатал тыйым салынады. Қазақтар ислам дініне сенеді. Алайда, олар өздерінің ерте замандағы салт-санасының едеуір бөлігін сақтап отыр. Неке, отбасы, мұрагерлік, тағы басқа істерді басқаруда ислам дінінің шариғатынан өздерінің байырғы ғұрып-әдетін жоғары қояды.
|