Авторы ақын, жазушы, драматург Ақылбек Шаяхмет
Әнім қалса төгіліп елде менің,
Дәнім қалса себіліп жерде менің,
«Жүзеге асты арманың қалай?»-десе
Атамекен, асырған сен дер едім!
Жүргізетін өмірдің дөңгелегін,
Ата салты, дәстүрім-ең керегім.
«Тіршілікке нәр берген кім?»-дегенде,
Атамекен, қуатым сен дер едім!
Аға сөзін құптаймын, жөн көремін,
Талай істі қапысыз меңгеремін.
«Мұның бәрін үйрендің кімнен?»- десе,
Атамекен, үйреткен, сен дер едім!
Өріс кеңіп, толса егер төлге жерім,
Аққу жүзсе жұптасып көлге керім,
Сұлулықты ғажайып тұрған сақтап,
Атамекен, қорғаным сен дер едім!
Сары алтындай жарқырап белдегі егін,
Шалқып жатса ырысым жерде менің,
Қасиетті бастауы қазынамның,
Атамекен, әрине, сен дер едім!
Әлдилесе мәңгілік жер бөбегін,
Той-думанды әлі де көрмек елім.
Тыныштықтың бесігін тербететін,
Атамекен, киелім сен дер едім!
|