Баяғыда бір Сыр қазағы жұмысы болып, арқа еліне барыпты. Онан жұрт: -Сіздің елде тұрмыс, күн көріс қалай?-деп сұрайды. -Біздің елдің тұрмыс жайының несін айтайын: ондағылар нанды жатып жейді,-депті. Бұған қызығып нанды еңбексіз жатып жегісі келген Арқаның бір қазағы Сырға ауады. Сырға келіп жұрт қатары диханшылық қылады: таңның атысы, күннің батысы ыстық күнге күйіп, жан таласып тынымсыз жұмыс істейді, әбден шаршап титықтайды. Алдындағы асын отырып ішуге шамасы келмей, жатып ішеді. Сонда ол: -Сыр адамы нанды жатып жейді дегені осы екен ғой!-депті.
|