Жоңғарлармен ақтық айқаста түскен қырық жігіт ауылға жеңіспен оралады. Екі-үш жыл жау қолында болған төрт түлік малды бөлісіп алады. Ауылдың жалбыр шапанды, көн етекті, жалғыз есекті кедейі көп малдың ішінен өз түйесін тани кетеді. Бірақ түйені иемденген кісі оны кедейге бере қоймайды. Кедей Төле биге келіп, түйесінің белгілерін айтады. Оған байлардың жүгін артып, Самарқандқа екі-үш барып қайтқанын да тілге тиек етеді. «Әр сапарымда есекке мініп жетелеп жүрген түйем еді» деп те қалады. Би түйені иемденіп жүрген адамға жетектеп кел,-дейді. Ол түйені тайраңдатып қуып келеді. «Неге жетелеп келмедің?»-деп сұрақ қойылған кезде түйенің жетекке жүрмейтінін айтады. Осы уәжден кейін би кедейге: -Түйені сен жетегіңе алып көрші,-дейді. Кедей есегіне мініп, түйе бұйдасын қолына алады. Сөйтіп, ол жалғыз аяқ жолға түсісімен атан түйе артынан бүлкілдеп ере жөнеледі. -Түйе осы жігіттікі-дейді Төле би қалың жұртқа қарап.
|