(«Аңыз адам», №2, 2013 ж. Бас редактор (жоба авторы) Жарылқап Қалыбай, Марфуға Шапиянның сұхбатынан үзінді. Ол ҚР жаратылыстану академиясының президенті, «Қайнар» университетінің ректоры Еренғайып Омаровпен сұхбаттасқан екен. Сұхбат «Бөрте ханымның қытайлар салған суретін тауып алдым» деп аталады.) -Жошыны қазаққа жақындатып жүрген ғалымдардың бірісіз. Бұл орайда қандай деректерге сүйенесіз? -Шыңғыс ханның әкесі Есукей меркіт сарбазы Шіледудің ай мен күндей қалыңдығы Әуелімді олжалаған болатын. Әуелім қоңырат руынан шыққан еді. Олай болса, Шыңғыс ханның тегі-50% қазақ. Қоңыраттан шыққан Дай шешен де тегін емес, әулие-әмбиелердің ұрпағы, абыз адам болған. Шыңғыс ханның жұбайы, Жошы ханның анасы Бөрте де қоңырат болғандықтан, Шыңғыс ханның балаларын 75% қазаққа жатады деуге болады. Шыңғыс ханның өзі шешесінің қолында өскендіктен, қазақи тәрбие алған. Сол сияқты Бөрте да балаларының бойында қазақылау мінез қалыптастырған болса керек. Шыңғыс ханның Бөртеден туған төрт ұлы және немерелері «Алтын ұрпақ» деп аталып, түркі-моңғол ақсүйектерінің ішінде ерекше құрметке бөленді, мұрагерлік жолмен хан тағына отыруға және елдегі билікке араласуға құқылы болды. Шыңғыс ханның басқа әйелдерінен тараған ұрпақтары мұндай құрметке ие бола алған жоқ. Тағы да бір қызығы, Қытайға барған сапарымда Бөрте ханымның қытайлар салып қалдырған суретін тауып алдым.
|