Швеция тұрғыны Томас Хольмберг пәтерін тонамақ болған 21 жастағы ұрыны пәтеріне шақырып, оған ыстық ықылас танытқан және кофе қайнатып, қонақ ретінде күтіпті.
Оқиға былай болған. Түн ортасында жас жігіт Хольмбергтің пәтеріне балкон арқылы кірмек болған. Пәтер иесі мен оның зайыбы тасыр-тұсырдан оянып, балконға қараса, онда тұрған бейтаныс адамды көреді. Балконды ашқан пәтер иесі ұрыны ішке кіргізеді. Оны ас бөлмесіне шақырып, кофе ұсынады. «Ол бақытсыз адам кейпінде болды,-деп айтады Хольмберг.-Тоңған екен, бір жұтым кофе оған керек екенін білдім де пәтер ішіне кіргізуге шешім қабылдадым». Оның бұл ұсынысына ұры қарсы болмапты, кофені ұрттай отырып ол тонауға әрекеттенгені үшін үй иесінен кешірім сұраған екен. Еш қарсылық танытпай, ұры полицияның келуін де күтіпті.