 Адамның қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады.
Әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса-жарамайды. Өлшеуін білмек-бір үлкен іс. Әуелі-ойланбақ жақсы, бірақ іске тіпті салынып кеткен кісінің ойын билей алмай, қиял болып кеткені де болады. Екіншісі-ішпек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық-бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса боғы шығады.
Әрбір қақиқатқа тырысып, еждиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айырылма. Егер ондай білгендігің өзіңді жеңе алмаса, онда ол кімге пұл? Өзің құрметтемеген нәрсеге өзгеден қайтіп құрмет күтесің?
Біреуге ызаландырмақ-шариғатқа, шаруаға залал, ақылға теріс.
Көп ақымақтың бір ақымаққа несі жұбаныш.
Үлкендік-адам ішінен өзін-өзі бағалы қылмақ.
Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты.
Қайратсыз ашу-тұл.
Мастық бойдан ағаттық көп шығарып, ақылдың көзін байлайды.
Өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады.
Уайымсыз салғырттық, ойыншы, күлкішілдік, қайғыға салыну бұлар-ой кеселі.
Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады.
Фото: Казахстанское Интеллектуальное Общество
|