Алғыс білдірудің маңызы өте зор. Қазақта «қарғыс алма, алғыс ал» деген сөз бар. Біреудің шынайы алғысына бөлену адамға үлкен рухани әсер береді.
«Алғыс алған арымас, қарғыс алған жарымас», деген дана бабаларымыз. Мұнда алғыс алудың бақыт пен жақсылықтың бастауы екендігін ұрпақ санасына сіңірген. Исламда адамдардың бір-біріне алғыс айтудың маңыздылығына терең тоқталған тағылымды хадистер бар. Ұлы Жаратушы Алла Тағала өз пендесіне бір- біріне айырықша құрмет етуді, алғыс айтуды бұйырған.
Асыл дініміз, тура бағытымыз исламда алғыс жайлы кеңінен айтылады. Алла Тағала қасиетті Құранда Ибраһим сүресінің 7-аятында «Раббың былай бұйырады: Ант етеміз, егер шүкір етсеңдер расында сендерге нығметтерімде еселеймін және де ант етеміз, көз жұма қарасаңдар, шүбәсіз, менің азабым өте ауыр»,-дейді.
Яғни Алланың берген нығметтеріне шүкір ету, ұлы Жаратушыға алғыс айту туралы осылай деп бұйырды. Демек, біз Аллаға шүкірлік етіп, алғыс білдірсек, адамға соншалықты нығмет, жақсылық бар.
Құрандағы Рахман сүресінің 60-аятында: «Сендерге жасалған жақсылыққа жақсылықпен жауап қайтырыңдар!» яғни біреу жақсылық жасаса оған жақсылық жаса дейді, алғыс айту, шынайы ниетті білдіруде жақсылық жасау болып табылады. Ендеше жақсылыққа жақсылықпен жауап беру керек.
Алғыс туралы тағы да Құранның Лұқпан сүресінде: «Ей, құлым! Маған шүкір ет, ата-анаңа алғыс айт. Маған қайта ораласыңдар! Мен сендерді жауапқа тартам. Маған деген шүкірлерің мен адамдарға деген алғыстарың үшін сендерді сыйға бөлеймін» деп ұлы Алла Тағала өз құлдарына үкім етті. Жақсылық жасаушыларға сөзсіз екі дүниеде жақсылық бар екендігін осыдан байқауға болады.
Ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз хадистерінде «Адамдарға алғыс айта алмаған адам, Аллаға шүкір ете алмайды» деген. Бұл сөзде зор тағылым ғибрат бар. Алғыс айта білу адамның өз мәдениеттілігін, қарым қатынас мәдениетінің жоғарылығын білдіреді. Халқымызда «Жақсы сөзге жан семіреді» деген дана сөз осының белгісі болса керек.
Дәулет Қабидолдин,
Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің найб имамы.
|