Құрбан айттан бір күн бұрынғы күнді "Арафа" күні деп атайды. Арафа күні түс ауғаннан кейін құрбан айттың бірінші күні таң намаздың уақытына дейін, Арафат тауында бір мезет болса да тұру-қажылықтың негізгі парызының біреуі. Сондықтан кімде-кім Арафатта бір мезет болса да тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болады. Келесі жылы қайтадан орындау керек. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) "Қажылық дегеніміз-арафат, кімде-кім арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады",-деп, Арафатта тұрусыз қажылық ғибадатының қабыл етілмейтінін ескерткен. Арафат тауының "Уранә" сайынан басқа барлық жерінде тұруға болады. Пайғамбарымыз: "Арафаттың барлық жері уақфа орны",-дейді. Арафаттың "Жәбәлул-рахмә" деген жерінде тұру абзалырақ. Арафат тауында арафа күні күн батқанға дейін болу уәжіп. Өйткені, Пайғамбарымыз осылай істеген. Сондықтан арафа күні күн батпай қайтқан адамдар жаза ретінде құрбан шалады. Арафатта тұрудың дұрыс болуы үшін ниет және дәретті болу, тіпті ояу болу шарт емес. Дәретсіз, жүніп, хайыз, нифас күйіндегі адамдар да Арафатта тұра алады. Айша анамыз Пайғамбарымыздың бұйрығы бойынша, хайыз күйінде Арафатта уақфа (тұру) жасаған. Бүгінгі дұға Я, Аллаһ Тағалам! Мені біліміңмен қолдап, құдіретіңмен демеуіңді және шексіз қамқорлығыңды тілеймін. Өйткені Сен құдіреттісің, мен тым әлсізбін. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы 2010 Күнтізбесінен 664 бет
|