(«Ауырмаңыз», №01. 2014ж )
Осыдан үш жыл бұрын әлемдегі ең бір белең алған ауру - жүрек-қан тамырлары дерті болатын. Бүгінде оның орнын қатерлі ісік пен семіздік алмастырған. Семіздіктен арылудың сан түрлі жолдары қарастырылып жатқанмен, салмағы артушылар қатары азаятын емес. Ал дәріханаларда аздыратын дәрінің түр-түрі бар.
Дегенмен мұндай препаттардың бәрі бірдей пайдалы емес. Мысалы, өткен жылдың соңында Ұлыбританияда семіздіктен арыламын деп ұзақ уақыт бойы динитрофенол дәрісін ішкен төрт адам көз жұмған. Бағасы қымбат бұл дәрі тәбетті тежеп, ішті өткізеді, сонымен қатар майды ыдыратып, артық килокалорийді «жағады» делінген. Бірақ оны ішкен адамда әлсіздік пен бас айналу, жүрек айну сынды жағымсыз жайлар кездеседі екен. Сөйтсек динитрофенол адамның өмірлік қуатының тез сарқылуына себепкер болып шықты. Осыған көз жеткен соң Ұлыбритания үкіметі аталған дәріні айналымнан мүлдем алып тастады.
Бұл жаңалық, бірақ, елдегі семіздерге ұнамай отыр. Олар тез арықтауға көмектесетін дәріні еркін сатылымға шығаруда. Ал дәрігерлер осы препаратты жиі ішу салдарынан көру мен есту қабілетінен айырылған, асқазан жарысына тап болған, тіпті комаға түсіп, беймезгіл өмірден өткен адамдар бар екенін алға тартады. Мамандардың сөзіне сенсек, аздыратын дәрілердің бәрінде де өмірлік қуатты жоятын, бауырды ірітетін зиянды қоспалар бар көрінеді. Олай болса, азу үшін дәрі ішкеннен гөрі, спорт пен салауатты өмір салтына ден қойғанымыз дұрыс-ау.
|