Негізгі әңгімемізге көшпес бұрын біз өзіміз жарияламаған кейбір сұрақтардың жауабын айта кетейік. Ол көбінесе: «сіздер пайдалы кеңестерді қайдан аласыздар?» деген сауалға тіреледі. Мұның ешқандай құпиясы жоқ. Бір кісінің бірер ғана мамандық бойынша іс атқаруы мүмкін. Сондықтан дәрігерлік кеңестерге, медицина тақырыбына арналған әдебиеттерге, газет-журналдарға әдебиеттерге, газет-журналдарға зер салып отырамыз. Мақсат-пайдалы кеңестерден құр алақан қалмауға сайып келеді. Мұның өзі-салауатты өмір салтын сақтап, денсаулығымыздың ойдағыдай болуына мол ықпал ететіні аян.
Мәселен, ыстықта шөлдеп шыдай алмасақ, сұйық нәрсенің бәрін іше беретініміз бар. Ал мамандар-асқазаныңыз темір шелек немесе созыла беретін қап емес десіп, шөл қандырудың неше сияқты тәсілдерін айтады. Сіздер де зер салыңыздар.
-Шөл қандыру үшін газсыз су ішу керек. Ол ағзадағы жоғалған сұйықтықтың орнын толтырады және құрамында ешқандай калория болмайды. Газдалмаған суды сатып алғанда оның калориясына мән беру керек (Ол этикетінде көрсетіледі). Ең жақсысы-жоғары категориялы су. Оның құрамында адамға аса қажетті микроэлементтердің бәрі бар және санитарлық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормативтерге сай болады. Бастаудан, артезиан скважинасынан, бұлақтан алынған суда бұлақтың аты мен скважина номері жазылады.
-Шөл қандыру үшін суды асықпай, аздап жұтып ішу керек. Қағып салу, сіміре көп ішу арқылы тер бөлуді күшейтуіңіз мүмкін. Одан кейін тез шөлдейтін боласыз.
-Салқын сусын ішпеңіз. Ол, біріншіден, тұмауға ұшыратса, екіншіден, мұздай сусындар ағзаға жай сіңеді.
-Күніне 2,5-3 литрден артық су ішпеңіз. Ағзада судың көп болуы жүрек соғысын жиілетіп, қан қысымын көтереді. Сондай-ақ ентікпе мен ісіктерге жол беруі мүмкін.
-Шөлдегенде жаңа піскен немесе кептірілген жемістерден морс немесе компот ішуге болады. Бірақ оның қанты өте аз болуы керек. Сонда олар жоғалған су мен минералды заттардың орнын толтырады. Ал тәтті компоттар одан әрмен шөлдетуі мүмкін.
-Табиғи жолмен ашытылған квас шөлді жақсы қандырады, асты жақсы сіңіреді және құрамында пайдалы амин қышқылдар бар. Оның ашытқысының құрамында дән, қант пен су ғана болады. Ал егер құрамында консерванттар, ароматизаторлар, бояғыштар, сүт, лимон және сірке қышқылдары бар болса, пайдасы шамалы. Ол адамды дисбактериозға ұшыратуы немесе асқазан-ішек жолдарының қышқылын көбейтіп жіберуі мүмкін.
-Емдік минералды суды тек дәрігердің тағайындауымен ішу керек. Олай болмағанда минералды су бүйректе тастың түзелуіне және буындарға кері әсерін тигізуі мүмкін.
-Көк шай ағзаны суытады, шөлді қандырады және ағзадан термен бірге шыққан микроэлементердің орнын толтырады. Сондай-ақ көк шай күннің ыстығында қиындықпен жұмыс істейтін тамырларды нығайтады. Бірақ оны судан үш есе аз ішу керек.
-Кейбір адамдар шөлдегенде жеміс шырынын ішкенді жөн санайды. Алайда оның құрамында жеміс қышқылдары көп болғандықтан шөлді қандырмайды, керісінше, оны үдетеді.
-Күн ыстықта газды су ішуге болмайды. Оның құрамындағы көмірқышқыл газ асқазан қышқылын көтеріп жібереді. Көміртек шөлді күшейтіп, артық салмақ жинауға да үлес қосады.
-Күн ыстықта шарап, сыра ішуге болмайды. Ол ағзаны құрғатып жібереді. Кофе де шөлді қандырмайды, ол ағзадағы сұйықтықтың тез шығуына әсер етеді.
|