| Қалада болдым, далада болдым.
Кемінде жүз елу рет тамада болдым.
Әсіресе бір оқиға күні бүгін ойымда.
Қауғабай Бірдеңкеевтің тойында
Бір жерге табақ,
бір жерде тамақ жетпей,
Түн ортасы ауғанда арақ жетпей,
Елдің естіп қаңқу сөзін, назды әнін,
Сізге өтірік, маған шын,
Жерге кіре жаздадым.
Көріңіз бұл «кісілікті!»
Тойға арналған еттің
Қақ жартысы асылып,
Алты жәшік арақтың
Үшеуі ғана ішіліпті.
Ас үйдің ішінде тағы бір есік тұр.
Ашып қалсам, өрік-мейіз,
Қант-кәмпит сіресіп тұр.
Жауып қойғаны немене екен?
Десем, салат жағы тегене-тегене екен.
Кейбіреулер қызынып шаққа тұр.
Өйткені дастарқаны тап-тақыр.
-Ойбай, мына тағамды
Ана жаққа тасыңдар!
Ет жетпейді, қайта асыңдар!-
Деп бұйрықты бере бастағанымда,
Шәутиген бір шал шақырды.
Келін түсіріп отырған өзі екенін,
Түсіндіре келіп,
Айтқаны мынау ақырғы:
-Балам, міне,
Үркерің келіп тұр тақ төбеге,
Өзің ойлашы, осынша елге
Төксең тамақ,
құйсаң арақ шақ келе ме?
Отырғаны отырып, кеткені кетер,
Енді былай кішкене нетіп созыңдар,
Өзің жақсы басқарып жүрсің,
Таңертең келіп ет жеп кет!
Құдаларға арнаған бір қозым бар-
Деп тақадай ақыл айтты.
Бұл әңгіме біреуден біреуге тарап,
Сыбыр-сыбыр күлісіп жатыр.
Күйеу баланың да қыры сынды ақыр.
Гүлі желбіреп өзі келді.
Мәселенің қабырғасынан
қойылатын кезі келді:
-Ата, мынауың не сұмдық?
Жастар жағы мүлде қарап отыр.
Тым құрыса үш жәшігіңнен
біреуін бер!-деді.
Ал, қарияңыз:
-Дүниенің қадірін білмейтін
ақымақ,
Аяғын дереу төбелеске айналдырып
жіберіңдер!-деді
Мұны естіген жұрт
Лезде сұйылып қалды.
Ал менің ішегім
Күлкіден түйіліп қалды.
|