Жүйкеге тиетін көңілсіздеу ойлар мен сезімдерге тізгін берме, тезірек құтылуға тырыс.
Мүмкіндігінше, жан дүниеңізді «құлақтан кіріп, бойды алатын, әсем ән мен тәтті күй» тыңдау арқылы тазартуға тырысыңыз.
Тамақты да талғаммен ішкен жақсы. Етті шектен тыс көп жеу-зиянды, ол адамды күш-жігерінен айырып, сүлесоқтыққа, іс-қимылға икемсіздікке әкеліп соғады. Дастарқан мәзірінің әр түрлі болғаны дұрыс.
Артық ішіп, асқазанға күш түсірме.
Адал өмір сүр, сонда басың азат, тамағың сіңімді болады әрі бақытқа бір адым жақын жүресің.
Береке-байлықта өмір сүру үшін, сіздің үйіңізде дені сау, бірақ еңбек етпейтін арамтамақтар болмауы тиіс.
Кімде-кім адал болып, жақындарын жуықтырмаса, ол адамның ары таза.
Байлықтың да, биліктің де, тіпті денсаулықтың да бір тиындық құны да болмайды, егер арың таза, көңілің жай болмаса. Өйткені бақ-берекенің түп қазығы осылар.
Өтірік, өсек қалай өрттей қаулап тез тұтанса, солай тез сөнеді. Ал ақиқат шынайылығын өзгертпестен, байыппен байқалмай өседі және оны ешкім өшіре алмайды.
Данышпан адам бір ауыз сөзін үндемегеннен гөрі пайдалы екенін түсінгенде ғана сөйлейді.
Тобықтай түйін ....Адамзат өз өмірін екі-ақ жолмен аяқтайды. Ақылдылар өз өмірін шексіз білім, ой-сана, мейірім және рухани күш жинауға арнайды. Олар биікке көтеріледі. Ақымақтар өздерінің жаман әдеттерімен тұрпайы тіршіліктерінің құрбанына айналып, құрдымға құлайды. ...Жұрт адамдарды «бақытты», «бақытсыз» деп екіге бөлді. Бұл кімнің қай жолға түскенін меңзесе керек.
|